ҚХА Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығында маңызды рөл атқаратындығына сенімдімін - Қ. Саудабаев
анның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Мемлекеттік хатшысы - ҚР Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығында маңызды рөл атқаратындығына сенімді.
Ол бұл пікірін бүгін Астанада өтіп жатқан Ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы институциональдық тұрғыдан айтарлықтай нығайды. Оның ақпараттық әлеуеті біршама артты, мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы кеңейді. Этномәдени бірлестіктер қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік тілге құрметпен қарауға тәрбиелеу, этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту және Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырды», деді мәжілісте Қ. Саудабаев.
Оның пікірінше, бұл жұмыстар Қазақстан этностарының этностық, тілдік және мәдени ерекшелігін сақтау үдерісіне қуатты серпін берді. «Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз ету, оларды Ұлт көшбасшысының маңайына ұйыстыру сынды маңызды міндеттерді шешуге бағытталған», деді Қ. Саудабаев.