ҚХЛ: «Барыс» «Амурдан» жеңіліп қалды
Екі команда биылғы бәсекеде бұдан бұрын бір мәрте кездесіп үлгерді. Елордада 14 қарашада өткен кездесуде «Амур» «Барысты» 6:5 есебімен тізе бүктірді. Біздің хоккейшілер сол кеткен есені қайтара ма деген үміт болған еді. Дегенмен ойын барысы басқаша өрбіді.
Аталмыш кездесуде алғаш болып біздің жігіттер есеп ашқан еді. Ойынның 3-минутында Кёртис Валк айдын иелері қақпасын дәл көздеді. Дегенмен бірінші кезеңнің 14-минутында «Амур» сапынан Игорь Руденков таразы басын теңестіріп кетті. Екінші кезеңде командалар бір-біріне шайба соға алған жоқ. Кездесу тағдыры 57-минутта шешілді. «Амур» хоккейшісі Томаш Зогорна біздің қақпашыны қапы қалдырып кетті. Осылайша аталмыш кездесу 2:1 есебімен «Амурдың» жеңісімен аяқталды. «Барыс» бұдан бұрын қатарынан үш жеңіске жеткен еді.
Бұған дейін «Барыс» өз айдынындағы 1 желтоқсан күні Екатеринбургтің «Автомобилистіне» 2:7 есебімен есе жіберсе, 3 желтоқсанда Магнитогорскінің «Металлургін» 3:2 есебімен жеңді. Одан кейін 6 желтоқсанда Челябінің «Тракторынан» 3:1 есебімен басым түсті. Ал 8 желтоқсанда сырт айдында Владивостоктың «Адмиралын» 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді «Барыс» 12 желтоқсанда Қытайда «Куньлунь Ред Стар» командаларымен кездеседі. Ал 18 желтоқсанда елорадада Череповецтің «Северсталь» командасын қабылдайды.