ҚХР-дың Цзянсу провинциясы «Қорғас-Шығыс қақпасын» дамытуға 600 млн доллар инвестиция бөлмек

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Цзянсу провинциясының губернаторы Ли Сюеюнмен Қазақстандағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА және Қытайдағы ШЫҰ халықаралық логистикалық аймағы Ляньюньган порты инфрақұрылымын дамытуға бағытталған Шекті келісімге қол қойды. Шекті келісім «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА және Ляньюньган порты инфрақұрылымын дамыту, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайта түсу, мемлекеттердің көліктік-транзиттік әлеуетін жүзеге асыру мақсатында жасалды. Оның сыртында халықаралық темір жол логистикалық саласын бірлесіп көтере түсу жоспарланып отыр. Маңызды құжат бойынша тарифтік реттеу миханизмдерін жетілдіру, жүк тасымалы уақытын қысқарту, тұрақты бәсекелестікке сай халықаралық пойыздарды жасақтау және оның жүру кестесін барынша жылдамдату жайлары қарастырылған. Жаңа келісімде алдағы бес жыл көлемінде Қытай тарабы «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА индустриялық аймағын қалыптастыру және логистикалық саланы дамыту мақсатына АҚШ-тың 600 млн. доллары көлемінде тікелей инвестиция бөлуі қарастырылған. ҚР мен ҚХР көліктік-логистикалық қызмет саласын дамытудағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі жетілдіре түсуде. Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай терминалы ашылғалы бері екі жақты қарым-қатынаста іскерлік байланыстар бұрынғыдан да жүйелі түрде жүзеге асырылуды. Стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыта түсу көліктік-логистикалық саланың жаңа сапалық деңгейіне көтерілуіне ықпал етеді.