Киберқылмыстың алдын алу: заңсыз SIM-бокстар анықталып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі 2024 жылы құрылған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің жұмысына қатысты түсінік берді.

- Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтықты ашу және оған қарсы күресті тиімді жүргізу мақсатында халықаралық деңгейде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бюросымен (БКБОП) тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Бұл өзара әрекеттестік алаяқтық схемаларын уақытылы анықтап, олардың жолын кесуге, сондай-ақ трансшекаралық қылмыстық топтарды жоюға мүмкіндік береді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру мақсатында былтыр Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды.
- Бөлімшенің міндеттері – киберқылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашу бойынша бірлескен ведомствоаралық жұмыс, қаржы ұйымдарымен, байланыс операторларымен жән ІТ компаниялармен өзара іс-қимыл жасау. Департаменттің жедел қызметі нәтижесінде Украинада қазақстандықтар мен Чехия азаматтарына қатысты қылмыс жасаған 5 алаяқтық байланыс орталығы жойылды (30-дан астам қатысушы ұсталды). Сондай-ақ, Алматыда басқа елдердің (АҚШ, Қытай, Малайзия, Иран) азаматтары құрбан болған тағы 4 орталық анықталып, жойылды. Нәтижесінде, 47 шетелдік (Қытай, Малайзия, Өзбекстан, Тәжікстан) және 5 Қазақстан азаматы ұсталды, - дейді ведомстводан.
Техникалық тосқауыл қою нәтижесінде ауыспалы нөмірлер арқылы жасалған 64 млн телефон қоңырауы бұғатталды. Алаяқтар кейінгі кезде SIM–бокстар (тіркелмеген SIM-карталарды біріктіру құрылғысы - интернет арқылы қоңыраулар) арқылы телефон шалудың басқа әдісін қолдана бастаған. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің байланыс операторларымен өзара іс-қимылы аясында еліміздің 5 қаласында осындай 23 құрылғы және 6 мыңнан астам тіркелмеген ЅІМ-карта (Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау және Семей қалалары) анықталып, тәркіленді.
- Мәселен, 2024 жылғы 19 қарашада Алматы қаласында еліміз аумағында интернет-алаяқтық жасау үшін пайдаланылған ЅІМ-box құрылғысы анықталды. Сондай-ақ қазақстандық байланыс операторының 300 ЅІМ-картасы тәркіленді. Рұқсат етілмеген байланыстарды ұйымдастырған адам қамауға алынды. Тергеу барысында ол мұндай «жұмысты» Telegram-дағы хабарландыру арқылы тапқаны анықталды. 2024 жылдың 30 қарашасында бір алматылық ұсталып, одан 3 ЅІМ-бокс тәркіленді. Оның «жұмыс берушісі» – Қазақстанға осындай «жұмыстарды» ұйымдастыру үшін келген Ресей азаматы екен. Барлық фактілер бойынша тергеу жүріп жатыр. Алаяқтыққа қарсы күрес алдағы уақытта да белсенді жүргізіледі, - деп аталып өткен министрлік мәліметінде.
Алаяқтықтың құрбаны болмау үшін мына ұсыныстарды орындау қажет:
- тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде белгісіз әрі тексерілмеген сайттарға және басқа да дербес деректерге сенбеу. Тексерусіз алдын ала төлем жасамаңыз. Тауарды алғаннан кейін төлем туралы келіссөздер жүргізуге тырысыңыз;
- ешкімге дербес деректерді, қолданылу мерзімдерін, банк карталарының CVV-кодтарын, аударымдар туралы түбіртектерді, сондай-ақ СМС-кодтар мен құпия сөздерді банк, полиция қызметкерлері және басқа да өкілетті адамдарға беруге болмайды;
- бөгде адамдардың өтініші бойынша өз телефонына қандай да бір мобильді қосымшаларды орнатпау керек, бұл қосымшалар алаяқтарға сіздің мобильді құрылғыңызға кіруге мүмкіндік береді;
- күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмаңыз. Инвестиция салмас бұрын, сіз ақша салуды жоспарлап отырған қор нарығын және белгілі бір жобаның заңдылығын мұқият зерделеуіңіз керек.
- қосымшаларды орнату үшін тек App Store, Play Market және т. б. ресми жүйелерді пайдаланыңыз;
- белгісіз контактілерден СПАМ-хабарламаларда көрсетілген сілтемелер бойынша өтпеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем үшін «фишинг» сілтемесіне өтуді ұсынады;
- абоненттік нөмірдің қолданылу мерзімі аяқталғанын хабарлайтын және қызметті онлайн-режимде ұзартуды ұсынатын ұялы компаниялар өкілдерінің телефон қоңырауларына сенбеу керек. Сондай-ақ, олар сізге келіп түскен СМС-кодты атауды сұрайды, оны кейіннен олар қосымшаларда авторизациялау үшін пайдаланады;
- банкинг қызметтеріне кіру парольдерін үнемі өзгертіп отырыңыз, банктер ұсынатын 3D қорғауды және басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз;
- шоттарыңыздағы ақшаның аударымын жиі тексеріңіз.
Еске салсақ, былтыр ІІМ-де киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды.