Kids Go Free: 3,5 мың бала елімізді тегін саяхаттады
АСТАНА. KAZINFORM – Kids go Free балаларға арналған саяхаттау бағдарламасын 1600-ден астам қазақстандық отбасы пайдаланды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлім етті.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдауға мақұлданған өтінімдердің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе ұлғайды. Осылайша жалпы сомасы 800 млн теңгеден астам сомаға өтінімдер мақұлданды. Одан бөлек, Kids go free бағдарламасына тоқталғым келеді. Бағдарлама іске қосылғалы оның мүмкіндігін 1600-ден астам отбасы пайдаланды. Соның арқасында 3,5 мың бала ел ішін тегін саяхаттауға мүмкіндік алды», - деді Ермек Маржықпаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.
Сондай-ақ, министр туризммен айналысатын кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына тоқталып өтті. Атап айтқанда, шетелдік туристерді тартқаны үшін туроператорларға субсидия беру (әр турист үшін 15 мың теңге), тау шаңғысы курорттары үшін техника мен жабдықтарды сатып алуға өтемақы (25%), туристік объектілер салу шығынын өтеу (10%), жол бойындағы сервис объектілерін салуға өтемақы (10%), туристік автобустарды сатып алуға өтемақы (25%), санитарлық-гигиеналық тораптар қызметін субсидиялау (83 300 теңге), балаларға арналған әуе билеттері құнын өтеу (Kids go Free).