Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Киелі жерлер картасына енген Досжан ишан мешіті жөндеуді қажет етеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Қазақстанның киелі жерлер картасына енген Досжан ишан мешітін жедел жөндеу керек. Жергілікті мамандар құнды нысанның негізін сақтап қалу үшін тез арада қалпына келтіру жұмыстарын бастауды ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Киелі жерлер картасына енген Досжан ишан мешіті жөндеуді қажет етеді

Ақтөбе облысында Қазақстанның киелі жерлер картасына енген Досжан ишан мешіті жөндеуді қажет етіп тұр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжат дайындау үшін өтініш берілді.

«Қазақстанның киелі жерлері картасына енген он нысанның ішіндегі Досжан ишан мешітін сақтап қалу жұмысын жүргізу көзделіп отыр. Жергілікті маңызы бар ескерткіштерге енген Қыз әулие қорымын консервациялау жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжат дайындау үшін республикалық бюджеттен қаржы күтеміз. Ең қиыны - «Қазрестоврация» орталығына жүгінеміз. Көбіне Алматы мен Оңтүстік Қазақстан алда келеді. Себебі, нысандар зерттелген, өлкетанушылар жұмыс істеген. Бізде ғылыми айналымға енгізу жұмыстары енді жүргізіліп жатыр»,- деді Ақтөбе облыстық музей қызметкері Айнұр Мақсатқызы.

Айта кетейік, биыл Абат Байтақ кесенесіне шырақшы кесенесі салынды. Сонымен қатар, Байғанин, Шалқар аудандағындағы тарихи, мәдени ескерткіштер жинағын құрастыру жоспарда бар. Қобыланды батыр мемориалдық кешені аумағына қонақ үй салынып, Ойыл ауданындағы Керуен сарайын жаңғырту жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Өткен жылы спутник арқылы зерттеу жұмысы жүргізілген болатын, биыл бұл іс жалғасады. Әрі өңірде киелі жерлердің электронды картасы әзірленеді.

«Биыл Әбілқайыр ханның 325 жылдығына арнап туристік бағыт жасап жатыр. Бұл бағытта Хан моласы мен Кенесарының қарындасы Бопай ханым бейіті бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туризмді дамыту үшін облыстық мәдениет басқармасы тарихи-өлкетану музейіне бір автобус бөлді. «Қобда -батырлар мекені», «Ердің соңы Есет» атты бағытта туристік маршрут бар»,- деді Айнұр Мақсатқызы.