Киік санын реттеу іс-шаралары күзде басталуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Егер киікті аулауға рұқсат берілсе, бұл іс-шаралар күзде басталады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлім етті.

— Қазір киік төлдеп жатыр. Жалпы, киік санын реттеу іс-шаралары қыркүйек айында басталып, қарашаның аяғына дейін іске асырылуы мүмкін… Атап айтқанда, киік санын реттеу мәселесі ғалымдардың биологиялық негіздемесі аясында шешіледі, — деді Н. Шәрбиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бүгін Парламент Мәжілісіндегі талқылау кезінде ғалымдар тиісті мәліметтерді келтірген. Кеңестік кезеңде жыл сайын киік саны реттеуге рұқсат беретін, яғни 300 мыңын азайтуға шешім жасалып отырған. Бұл ретте, жылда 20 пайызын аулаған.
Айта кетейік, осы аптада Үкіметке киік санын реттеуге қатысты ғалымдарды биологиялық негіздемесі ұсынылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында киіктің егіс алқаптары мен шабындықтарды таптап кетуінен Батыс Қазақстан және Ақмола облысының фермерлері мен ауыл тұрғындары зардап шегіп жатқаны айтылды.
Сонымен қатар, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідін киікке қатысты жасалған зерттеулер жөнінде түсінік берді.
Оның пайымынша, еліміздегі 4-5 млн киіктің жыл сайын 20 пайызын етке пайдалануға беруге болады.