Жақында Үкіметке киік мәселесіне қатысты құжат ұсынылады

АСТАНА. KAZINFORM — Таяуда Үкіметке киік санын реттеуге қатысты ғалымдарды биологиялық негіздемесі ұсынылады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлім етті.

Үкіметке киік мәселесіне қатысты құжат ұсынылады
Фото: Pixabay.com

Оның айтуынша, былтырғы санақ бойынша еліміздегі киік саны 2 млн 833 мыңға жетті. Қазір олардың саны шамамен 4 млн шамасында. Биыл мамыр айындағы төлін есепке алғанда, 5 млн-нан асып түсуі мүмкін.

— Тұрақты пайдалану (киікті аулап, етін пайдалану) тұрғысынан біз Үкіметтің тапсырмасы бойынша қоғамдық пікірді зерттеп жатырмыз. Депутаттардың, ғалымдардың, халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірқатар дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Бұл тұрғыда көбісі тұрақты пайдалануға көшу керек деген пікірді алға тартып отыр, — деді Нұркен Шәрбиев Парламент Мәжілісінде киік популяциясына қатысты тақырыпты талқылау кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, қазір Зоология институты биологиялық негіздеме дайындауды аяқтап қалды, осы орайда оның негізінде ұсыныс жасалады.

— Осы аптада біз Үкіметке тұрақты пайдалануға көшу туралы ұсыныс енгіземіз. Қарапайым тілмен айтқанда, биологиялық негіздемеге сәйкес, киіктің белгілі бір санын аулау мәселесі көтеріледі, — деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында киіктің егіс алқаптары мен шабындықтарды таптап кетуінен Батыс Қазақстан және Ақмола облысының фермерлері мен ауыл тұрғындары зардап шегіп жатқаны айтылды.

Сонымен қатар, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідін киікке қатысты жасалған зерттеулер жөнінде түсінік берді.

Оның пайымынша, еліміздегі 4-5 млн киіктің жыл сайын 20 пайызын етке пайдалануға беруге болады.

Соңғы жаңалықтар