Киіктен зардап шеккен фермерлерге өтемақы төлене ме
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында киіктердің шектен тыс артуына байланысты фермерлерден түскен арыз-шағым азаймай тұр. Осыған байланысты Kazinform тілшісі мәселені анықтап көрді.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, Орал киік популяциясының мекен ету ареалы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Казталов және Тасқала аудандарын қамтып отыр.
Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Тасқала және Бәйтерек аудандары тауар өндірушілерінің егістік жерлері тапталды деген мәлімет бойынша осы аудандардың тиісті мекемелерімен есептеулер жүргізілуде.
— Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес, киіктер егістікке залал келтірсе, төтенше жағдай жарияланғанда ғана технологиялық карта бойынша залалды өтеу қарастырылған, — дейді Рүстем Зұлқашев.
Тағы бір мәселе, кейінгі жылдары шаруа қожалықтарының басшылары екпе шөпті киіктен қорғау үшін баған орнатып, жерлерін сыммен қоршай бастады.
Мұның тиімділігін кейбір шаруашылықтар тәжірибесі көрсетіп отыр. Бұл, әрине, аз шығын емес. Осыған орай субсидия төлеу қажеттігі туындады.
Басқарма басшысы орынбасарының нақтылауынша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен агроөнеркәсіп кешен субъектілерінің инвестициялық салымдарға жұмсаған шығынының бір бөлігін өтеуге қатысты субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілген.
— Биылдан бастап шаруашылықтардың өздерінің жайылымдық жерлерін темір тор және бағандар орнату шығындарының 50 пайыз мөлшерінде субсидиялауға мүмкіндігі бар. Күні бүгінге дейін өтінімдер түскен жоқ, — дейді ол.
Ақбөкендердің көбейгені сондай, Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы, Жаңақала, Ақжайық қана емес, егін шаруашылығымен айналысатын Тасқала, Бәйтерек аудандарының жерлеріне де түсе бастады.
Осыған орай Тасқала ауданында арнайы жиын өткізіліп, фермерлер өтемақы төлеу мәселесін көтерді.
Тасқала ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров киіктің егістік жерлерін тапау деректерінің бар екендігін жасырмады. Әсіресе, Достық, Мерей ауылдық округі аумағындағы шаруашылықтарға оңай болмай тұр.
Оның айтуынша, Достық ауыл округінде Есім Мәмбетовтің «Карен» шаруа қожалығының жеріне киік жиі түседі. Сондай-ақ Хамит Жексеновтің 900 гектардай егістігіне кіріп кеткен.
Мерей ауыл округінде «Атамұра» шаруа қожалығы да осындай жағдайда. Диқандар ақ бидай, арпа, мақсары сияқты дақылдардан өнім аламыз ба деп үміттенеді. Бірақ киіктер жиналған еркекшөпті де шашып кетіп жатыр.
— Қазіргі таңда «Охотзоопром» мекемесінен 8 бригада жергілікті атқарушы органдардың күш-құралдарымен бірге осы киікті айдаумен шұғылданып жатыр. Бас-аяғы 20 машина, оншақты мотоцикл тартылып, кезекшілік қойылды. Шаруашылықтардың өздері де үлес қосуда. Алайда киік кез келген жерден өтіп кетеді. Таңнан кешке дейін алысумен жүрміз. Арнайы комиссия қанша гектар егістік жері тапалды, соның бәрін есептейді, — деді С. Шүкіров.
«Карен» шаруа қожалығының басшысы Есім Мәмбетов киіктерден әбден зәрезап болғанын жеткізді.
— Егістігімізді киік тапап, қазып тастап жатыр. Біз ғана емес, елдің басына түскен зауал десе де болады. Бұлай бетімен кете берсе, лизинг, несиелерімізді өтей алмаймыз. Банкротқа ұшырайтынымыз анық. Жеріміз тақырға айналып, шаруашылықтар ыдырайды, халық жұмыссыз қалады. Қанша айтылса да, түбегейлі шара алынбай отыр. Қожалығымызды таратып, қалаға көшетін шығармыз, — деді Е.Мәмбетов.
Ақтау ауыл округіндегі «Арғымақ» шаруа қожалығының өкілі Асқар Ликеров киікті қуа-қуа шаршағандарын тілге тиек етті.
— Қожалық 2 мың гектар алқапқа күздік бидай, судан шөбі, жаздық бидай, арпа және мақсары еккен еді. Онымен еңбегіміз еш кететін түрі бар, — деді А.Ликеров.
Өңірдегі ең астықты өңір — Бәйтерек ауданы. Аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев әзірге киіктің егістікті тапау дерегі тіркелмегенін айтты.
— Тек елу киіктің егістікке кіру оқиғасы болды, бірақ одан зиян келген жоқ. «Охотзоопром» мекемесінен бес бригада жағдайды бақылап отыр. Жергілікті атқарушы органдар күш біріктіріп, кезекшілік қойылды. Сонымен қатар әр шаруашылық егістік жерін қарайтын бір-бірден қорықшы шығарып отыр, — деді Л.Уәлиев.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов облыстың жеті ауданында киіктен шаруашылықтар жерлерін қорғау жұмыстарымен «Охотзоопром» мекемесінен 30 топтың айналысып жатқанын мәлімдеді.
— Бөкейорда табиғи резерватының инспекторлары, жергілікті атқарушы органдарының қызметкерлері де қолұшын беруде. Өз күшіміз жетіспей, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан инспекторлар келді. Отыз топ 15 күн сайын ауысып тұрады. Қазіргі таңда 116 адам, 74 техника тартылған, — деді Н.Рахымжанов.
Оның айтуынша, биыл көктемде киік санағы әуеден де, машинамен де жүргізілген. Алдын ала мәлімет бойынша биылғы төлін есептемегенде, өңірде ақбөкен саны 2,3 млн-ға жеткен.
Міне, осылайша, Батыс Қазақстанда миллиондаған киіктің мекендеуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ғана емес, барша тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда киіктердің арасында іш тастау кездесіп отырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстанда қазақ ғалымдарының киікті арнайы тәлімбақта өсіріп, зерттеп жатқаны хабарланды.