Қылмыстық іс доғарылды – Жеңіс Елемесов Нығматуллиннің ұлы жайында
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты қозғалған іске пікір білдірді.

- Ешқандай өзгеріс жоқ. Бұған дейін айтқанымдай, шынымен де өндірісімізде қылмыстық іс бар. Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінде жатыр. Іс халықаралық тергеу тапсырмасының жолдануына байланысты доғарылды. Ол қазір куәгер ретінде. Өйткені біз халықаралық тергеу тапсырмасынан жауап алғанымыз жоқ. Біздің сұранысымызға қатысты ақпарат келгеннен кейін мәртебесі анықталады, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Жыл басында Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі «Бәйтерек» холдингінің және «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-ның бұрынғы директоры Нұржан Нұрлановтың үстінен Қылмыстық кодекстің 389-бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын растаған еді.
Нұржан Нұрланов - Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы.