Қымбат тариф – жылдам интернет кепілі емес: неге байланыс жиі үзіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қымбат тарифке қарамастан, интернет сапасы күткендей болмай жатады. Қазақстандықтар жоғары ақы төлегенімен, іс жүзінде әлсіз байланысқа тап болып отыр. Неліктен уәде етілген көрсеткіш пен нақты нәтиже сәйкес келмейді – бұл мәселені Kazinform тілшісі зерттеді.
Интернетті су ағынымен салыстырып көріңіз. Қысым күшті болғанымен, үйдегі құбырлар тар немесе ескі болса, су толық жетпейді. Интернет те солай жұмыс істейді. Сырттан жылдам келгенімен, үй ішіндегі желі әлсіз болса, нақты жылдамдық төмендейді.
Сондықтан байланыс сапасы бір ғана факторға тәуелді емес. Жүйедегі кез келген әлсіз тұс бүкіл желінің жұмысын тежейді. Сол себепті жылдамдық ең баяу бөліктің деңгейінде қалып қояды. Мұны IT саласында «әлсіз буын қағидасы» деп атайды.

Жабдық пен желі
Интернет жылдамдығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – сигналдың қалай жеткізілетіні. Яғни байланыс сапасы интернеттің үйіңізге қандай технология арқылы келетінінен басталады.
Ең заманауи шешімдердің бірі – оптикалық талшықты интернет (GPON). Жарық арқылы жұқа шыны талшықпен берілетін сигнал тұрақты байланыс пен өте жоғары жылдамдықты қамтамасыз етеді. Ал техникалық тұрғыдан қарапайым тәсілдердің бірі – ADSL. Бұл жағдайда интернет телефон желісі арқылы жеткізіледі. Алайда бұл технология біртіндеп ескіріп келеді. Қазақстанда әлі де қолданылғанымен, мыс кабель кедергілерге сезімтал әрі оның мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан мұндай желіде ең қымбат тарифтің өзі жоғары жылдамдықты толық қамтамасыз ете алмайды.
Кең таралған тағы бір тәсіл – мобильді интернет пен 4G/5G роутерлер. Бірақ оның тұрақтылығы әрдайым жоғары бола бермейді. Себебі жылдамдық бір базалық станцияға қосылған барлық пайдаланушылар арасында бөлінеді. Егер бір уақытта бір мұнараға жүздеген адам қосылса, тариф қаншалық қымбат болса да, жылдамдықтың төмендеуі сөзсіз.

Интернет сапасына әсер ететін екінші маңызды фактор – роутер. Қазіргі кезде байланыс мәселелерінің жиі туындауы көбіне осы құрылғымен байланысты. Өйткені ескірген роутерлер жоғары жүктемені көтере алмайды.
Мысалы, егер роутеріңіз 5–7 жыл бұрын сатып алынған болса, оның порттары 100 Мбит/с деңгейімен шектелуі мүмкін. Яғни тарифіңіз 500 Мбит/с болса да, құрылғы одан жоғары жылдамдықты өткізе алмайды.
Сонымен қатар интернеттің баяулауына Wi-Fi жиілігі де әсер етеді. Көптеген роутерлер 2,4 ГГц және 5 ГГц жиіліктерінде жұмыс істейді. 2,4 ГГц жиілігі кең таралғанымен, қазіргі қалаларда бұл диапазон қатты жүктелген. Бір үйде ғана емес, көрші пәтерлерде де көптеген роутер осы жиілікті қолданады. Нәтижесінде желілер бір-біріне кедергі келтіріп, байланыс сапасы төмендейді. Жиілік арнасы толып, сигналға түрлі бөгеттер әсер етеді. Соның салдарынан интернет жылдамдығы азаяды. Мұндай жағдайда 5 ГГц жиілігін қолдайтын роутерге көшу көмектесуі мүмкін. Ол жоғары жылдамдық береді. Алайда бұл жиіліктің қамту аумағы қысқарақ болатынын ескерген жөн.
Физикалық кедергілер мен құрылғылар
Интернетті пайдалану – екіжақты үдеріс. Яғни жылдамдық тек провайдерге ғана емес, оны қабылдайтын құрылғыға да байланысты. Егер сіз заманауи Wi-Fi желісін ескі смартфон немесе қарапайым ноутбук арқылы қолдансаңыз, жоғары жылдамдық күтудің қажеті жоқ. Себебі мұндай құрылғылардың техникалық мүмкіндігі шектеулі және олар 50–70 Мбит/с-тен жоғары жылдамдықты толық игере алмайды.
Сондықтан провайдер үйіңізге 200 Мбит/с жылдамдық берсе де, құрылғы оның тек бір бөлігін ғана қабылдайды. Демек, тарифті өзгертпес бұрын, пайдаланатын құрылғылардың мүмкіндігін тексеріп алған дұрыс.

Бұдан бөлек, интернет сапасына пәтердегі жоспарлау мен түрлі физикалық кедергілер де әсер етеді. Wi-Fi сигналы радиотолқын болғандықтан, жолындағы бөгеттерден өткен сайын әлсірейді. Ең алдымен оған темірбетон қабырғалар кедергі келтіреді. Сондай-ақ айналар мен әйнектер де сигналдың өтуін қиындатады. Көпшілік ескере бермейтін тағы бір фактор – аквариум. Су радиосигналды жақсы сіңіретіндіктен, интернеттің сапасын төмендетуі мүмкін.
Сондықтан роутер дәлізде орналасып, ал сіз алыс бөлмеде жұмыс істесеңіз, сигнал бірнеше қабырға мен кедергіден өтуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда қымбат тарифтің өзі интернетті жылдамдата алмайды.
Трафик «ұрлығы» және маркетингтік тұзақ
Интернеттің баяу жұмыс істеуі әрдайым провайдердің кінәсі емес. Көп жағдайда мәселе көзге көрінбейтін ішкі процестерге байланысты туындайды. Үйдегі құрылғыларды тексерсеңіз, ешкім ештеңе жүктеп жатқан жоқ сияқты көрінеді. Алайда фондық процестер мұның бәрін сіздің қатысуыңызсыз жүзеге асырады. Мәселен, сіз фильм көріп отырған сәтте компьютер операциялық жүйені жаңартып, смартфондар фотосуреттерді бұлттық сақтау жүйесіне жүктеп жатуы мүмкін. Бұған қоса, басқа құрылғыларда қосымшалардың автоматты жаңартулары немесе торрент қызметтері қатар жұмыс істеуі де жиі кездеседі. Нәтижесінде интернет жылдамдығы «көрінбей» төмендейді.
Осы тұста тағы бір маңызды жайт – провайдерлер ұсынатын тарифтердегі «100 Мбит/с-қа дейін» деген көрсеткіш. Бұл нақты кепілдендірілген жылдамдық емес, тек техникалық мүмкін болатын шекті деңгей. Яғни идеал жағдайда ғана қолжетімді. Ал іс жүзінде, әсіресе кешкі уақытта желіге түсетін жүктеме артқанда, нақты жылдамдық бірнеше есе төмендеуі мүмкін. Сондықтан қымбат тариф әрдайым жоғары сапаны білдіре бермейді.
Интернет сапасына әсер ететін тағы бір фактор – сервердің қашықтығы. Егер сіз ашып отырған сайт немесе қызмет шетелде, мысалы АҚШ-та орналасса, сигналдың кешігуі заңды құбылыс. Бұл әсіресе онлайн ойындар мен видеоқоңырауларда айқын байқалады. Өйткені мұнда тек жылдамдық емес, пинг — яғни сигналдың жету уақыты маңызды.
Пинг тарифке тәуелді емес. Ол, ең алдымен, серверге дейінгі географиялық қашықтыққа және провайдердің магистральдық желілерінің сапасына байланысты. Мысалы, сервер Еуропада орналасқан жағдайда Қазақстаннан сигналдың кідірісі тіпті қолайлы жағдайда да 60–100 миллисекунд шамасында болады. Сондықтан ең қымбат, жоғары жылдамдықтағы тарифтің өзі бұл кідірісті азайта алмайды. Сол себепті геймерлер көбіне серверлері Шығыс Еуропа немесе Скандинавияда орналасқан платформаларды таңдауға тырысады — бұл жағдайда пинг салыстырмалы түрде төмен болады. Қорытындылай айтқанда, интернеттің баяу болуы тек тарифке емес, құрылғылардағы фондық жүктемеге, желідегі жалпы жүктеме деңгейіне және сервердің орналасуына тікелей байланысты.

Қымбат тарифке ақша төлемес бұрын нені тексеру керек
Мамандар ең алдымен интернет жылдамдығын кабель арқылы тексеруге кеңес береді. Ол үшін ноутбукті Wi-Fi-ды өшіріп, тікелей провайдердің кабеліне қосып, жылдамдықты өлшеу қажет. Егер нәтиже тарифке сәйкес болса, мәселе роутерде немесе оның баптауларында деген сөз. Мұндай жағдайда құрылғыны жаңарту немесе қайта баптау қажет. Ал көрсеткіш төмен болса, мәселе компьютердің ескі болуынан туындауы мүмкін.
Сонымен қатар пайдаланатын құрылғылардың 5 ГГц жиілігін қолдайтынына көз жеткізген жөн. Роутерді пәтердің ортасына орналастырып, оны микротолқынды пештен, айна мен әйнектен алыс ұстаған дұрыс. Бұған қоса, сигнал өтетін жолда кедергілердің мүмкіндігінше аз болғаны маңызды.
Егер интернет сапасы белгілі бір уақытта төмендесе, сол сәтте үйде біреу көлемді файл жүктеп жатқан-жатпағанын тексеріңіз. Себебі мұндай жүктемелер желінің жылдамдығына тікелей әсер етеді.
Қажет болған жағдайда провайдерге жүгініп, роутердің баптауларын тексерткен жөн. Уақыт өте немесе техникалық ақаулардан кейін параметрлер өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайда маманды үйге шақыру немесе қашықтан баптау көбіне мәселені шешеді.
Бұған дейін Қазақстанда ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға бағытталған жоба іске қосылғаны хабарланған еді.