Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қымыз ішкен адам да мас болып, жүргізуші куәлігінен айырылады. Алкотестерде промилле нормадан жоғары болса, мамандар қорытындыда «масаң күйде» деп жазып береді. Жазасы — 7 жылға дейінгі мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру. Алкотестер тапсырудан бас тартса — 8 жыл. Қымыз ішкен адам шынымен мас бола ма? Kazinform тілшісі сала мамандарымен сөйлесті.

Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Медициналық мекеменің білікті мамандарына жүгінеміз — полиция

Елімізде қазір көлікті мас күйінде айдағандарға жаза қатаң. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша жауапқа тартылып, 15 тәулікке қамалады. Кейін 7 жылға дейінгі мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылады. Егер алкотестерден өтуден бас тартса, 8 жыл көлік жүргізе алмайды.

— Мас күйінде көлік жүргізгендер жаппай арыз жазып, рақымшылық сұрап жатыр. Олар «көлік айдап нәпақымызда тауып, бала-шағамызды асырап отырмыз» деп айтады. Статистикаға сүйенсек, биыл төрт айда 400-ге жуық адам көлікті мас күйінде жүргізіп отыр. Көлікті мас күйінде жүргізген адам — қылмыскер. Ішкі істер министрлігінің позициясы — қатал жаза қолдану. Бұрын 3 жыл еді, қазір көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылады. Кейбіреулері «қымыз іштім» деп жүр. Қымыз ішті ме, қандай да бір психотропты есірткі заттарын қолданды ма? Оны мамандар анықтайды. Біз медициналық мекеменің білікті қызметкерлеріне жүгінеміз. Дәрігерлер өздерінің тиісті қорытындысын береді. Сол қорытынды негізінде іс сараланады, кейін сотқа жолданады, — деді Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Демек алкотестер адам ағзасынан алкоголь тапса, ешкім де жазадан құтылып кете алмайды. Кімнің қанша ішкені және не ішкені маңызды емес? Негізгі қорытындыны арнайы аппарат анықтап береді. Ол үшін бірнеше секунд, кейін нақты қорытынды жазуға бірнеше минужеткілікті.

Екінің бірі қымыз ішкенін айтады — сараптау бөлмесінің меңгерушісі

Қорытынды жасайтын мамандар да «қымыз іштім» деп қызара бөртіп тұратын жүргізушілерді жиі кездестіре бастады. Ақтөбе қаласында мұндай екі сараптау бөлмесі бар. Екеуі қаланың екі шетінде орналасқан әрі тәулік бойы жұмыс істейді. Полиция қызметкерлері жүргізушіні кез келген уақытта ертіп әкеліп, алкотестерден өткізеді.

Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

— Қазір екінің бірі «қымыз іштім» деп айтады. Біз ешкімді «қымыз ішіп, мас болды» деп жіберіп қоя алмаймыз. Мас болса дәрежесін анықтап, қорытынды шығарамыз. Әрі қарай сот өзі шешеді. Тағы бір айта кетерім, нағыз қымызды аз мөлшерде ішсе масаң күйге түспейді. Пластикалық, шыны ыдыстағы қымызды ішсе мас болады. Әрине қымызды дайындау әдісі сақталса жақсы, бірақ кейбірі сублимацияланған сүт, бал, ашықты қосады, — деді № 2 тәуліктік алкогольді және есірткілік масаюды сараптау бөлмесінің меңгерушісі Сәкен Алманиязов.

Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Оның айтуынша, кез келген адам ағзасында қызу 0,2 промилл болады. Бірақ ол дем арқылы сыртқа шықпайды. Егер бір литр айран, таза қымыз ішсе бұл көрсеткіш жоғарыламайды.

— Мас адам құлап, жүре алмай қалуы керек деп ойлайды көпшілік. Тіке жүрсе, көзі қызарып тұрса мас деп санамайды. Ал мамандар көздің де әсерін қарайды. Масаң күйдегі адам қырағылығын жоғалтып алады, көз жанарының жарыққа әсері баяу жүреді. Мұны естен шығармаған жөн. Полиция жүргізушілерді әкелген кезде «қымыз іштім» деп айтса, сөзін жазып қоямыз. Бірақ түпкілікті қорытынды өзгермейді. Не ішсе де ол мас күйінде көлік жүргізіп тұр. Бұл нақты, дәлелді сараптама. Себебі ішімдік ағзаға түскен кезде өкпеге барып, қызып, спирт буға айналады. Тыныстаған кезде деммен бірге денесінен шығады. Оны аппарат сезеді, күретамырдағы алкоголь мөлшерін анықтап береді. Қорытынды шығаруға 10-15 минут жеткілікті. Ал аппарат 2-3 секундта-ақ, үрген кезде мөлшерін көрсетеді. Ешқашанда сау адамға «мас күйде» деп қорытынды шығармаймыз. Биыл жыл басынан бері полиция мыңнан астам адамды әкелді. Оның ішінде 400 адамның ғана мас екені дәлелденді. Қалғаны сау және факт. Факт дегеніміз адам денесінде алкоголь бар, бірақ ол қазір оның ақыл-есіне әсер етпейді деген сөз. Факт болса адам жазаланбайды, — деді маман.

Жалпы Ақтөбе облысында «қымыз ішіп, мас болдым» деген уәжді алға тартатындар 2024 жылдан бастап жиі кездесіп келеді. № 2 тәуліктік алкогольді және есірткілік масаюды сараптау бөлмесінің меңгерушісі Сәкен Алманиязовтың айтуынша, көбі Башқұрт қымызын тұтынған. Тіпті мамандар рас, өтірігін анықтау үшін өз арасында да тәжірибе жүргізіп көрді.

Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

— Біздің өзімізге де тексеру жүргізуге тура келді. Бірі таза қымыз, екіншісі дүкенде сатылатын бөтелкедегі қымызды ішті. Бөтелкедегіні ішкен кезде бірден бірнеше промилл көрсетті. «Маған әсер берді» деп айтты ішкен адам бірден. Яғни құрамында спирт бар екені белгілі болды. Мұндайда ішкен адамның үйде отырғаны абзал. Ал таза қымыз ішкен адамнан ештеңе анықталмады. Біз не үшін тәжірибе жасадық? Себебі зертханаға тапсырып, тексеруге мүмкіншілік жоқ. Өз адамдарымызға ішкізіп, нақтылауға ешкім кедергі емес, — деді Сәкен Алманиязов.

Қазіргі кездек алкотестерден өтетін адамдарға төрт қорытынды шығарылады. Олар: сау, факт, мас күйде, ескірткіге масаң күйде. Сонымен бірге сараптама қорытындысына «бас тартты» деп қол қойып, мөр басады. Бас тарту кезінде жаза қатаң.

Қымыз қатты ашыса спирт түзіледі — химик

Қымыз өнімінің ішіне қосылған ашытқы мен бал көп тұрса спирт түзіледі. Адам оны неғұрлым көп ішсе, мас болады. Бұл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, химия мен тағам технологиясы кафедрасының меңгерушісі Самал Дузелбаеваның тұжырымдамасы.

Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

— Тағам құрамы жазылған қаптамада ең бірінші бие сүті деп тұрса, соның мөлшері көп болғаны. Қымыз бен қымыз өнімінің құрамын қараған кезде бірінші бие сүті жазылған. Демек құрамының 50% бие сүтінен тұрады. Оған кейбірі сиыр сүтін қосқан. Бұл сақтау мерзімін ұзарту үшін қажет. Негізі сүттің құрамында лактоза бар. Лактоза ол көмірсу, яғни, глюкозаға ыдырайды. Кейін глюкоза ашып, этил спирті пайда болады. Кейбірі оған ашытқы да қосқан. Ол кезде ашу процесі күшейіп, спирт мөлшері де көбейе түседі. Дәл осыны ішкенде адам масаң күйге түседі. Шын мәнінде қымызға ашытқы қосылмауы тиіс, — деді Самал Дузелбаева.

Оның айтуынша, биі сүті өздігінен ашыса да спирт түзіледі. Неғұрлым ұзақ сақталса, спирт те соғұрлым көп түзіледі. Сонымен бірге бал тәтті дәм береді әрі құрамындағы фруктоза ашытуға көмектеседі.

— Ашытқы қосса, спирт бірден түзіледі. Ал ашытқы қоспаса баяу болады, бірақ ол кезде де қатты ашығанда спирт мөлшері артады, — деді ол.

Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Масаң күйге түсіретін қымыз өніміне сұраныс жоғары — өндіруші

Кәсіпкер Медет Көшербаевтың айтуынша, нарықта қымыз және қымыз өнімін өндірушілер екіге бөлінген. Бірі адамды масаң күйге түсірмеймін қымыз өнімін шығарады, екіншісі керісінше адамды мас қылатын өнім өндіреді.

— Бал ашытқысы, бие сүті мен сиыр сүтінің қосындысынан қымыз өнімін шығарамыз. Таза биі сүті белгілі бір мөлшерде болғанымен, көбіне табиғи сиыр сүті қолданылады. Өнімді кең көлемде сатуға шығармас бұрын ҚМДБ-нан арнайы сертификат алдық. Ол үшін екі рет өнімді жіберіп, зертханалық тексеруден өткізді. Бәрі сәтті өтіп, «халал» стандарты берілді. Біздің негізгі мақсатымыз осы. Яғни тұтынушыға таза өнім ұсыну. Ал көбі, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау секілді өзге қалалардан «масаң күйге түсіретін қымызға», «ілетін қымызға» тапсырыс береді. Бірақ біз бас тартып, келісімді үздік, — деді «Хан қымыз» өнімін өндіруші «Көшербаев» ЖК басшысы Медет Көшербаев.

Қымыз іштім: Жүргізуші куәлігінен айырылғандардың уәжі орынды ма
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Қымыз өнімін өндіруші Башқұртстан қымызының көбі дердік адам ағзасына әсер етеді деп санайды. Оның ішінде қақпағының түсіне қарай да ажыратады.

— Қымызға ашытқы қосылғанымен түзілген спирт ҚМБД рұқсат берген межеден аспайды. Ал Башқұрт қымызы, SҚырыптанит қымызы «ысқыртып» жібереді. Бір қызығы, осы екеуіне сұраныс жоғары. Бағасы екі есе қымбат, бірақ адамдар көбіне соны алады, — деді ол.

Жылқы еті де, сүті де адал ас — ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі 2024 жылы мамырда «Жылқы еті мен сүті (қымыз) туралы үкім де шығарған.

— Жылқы сүтіне шариғатта ижмағмен (бірауыздан) халал деп үкім берілген. Һидая кітабында «Жылқы сүтінің әскери күшке зияны тимегендіктен, оны ішудің оқасы жоқ» делінген. Демек шариғат бойынша жылқының еті де, сүті (қымыз) да адал ас болып есептеледі, — деп жазды. 

Еске салсақ, Берлиндегі музейде қымыз жиіркенішті тағамдардың қатарына ілікті. Музей өкілдерінің пікірінше, бір адамға оғаш көрінген тағам келесі адам үшін қалыпты әрі сүйікті ас болуы мүмкін. Осыны түсіну — мәдени айырмашылықтарға құрметпен қараудың негізгі кілті.