Кино - ұлттық патриотизмді дамыту құралы - Т. Теменов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Өнер - тылсым дүние. Өнер адамдарының тағдыр иірімдері де өз алдына бір сырлы әлем. Ойлап қараңызшы, кітапты ерекше құрметтейтін, қонақ шақырса дастархандарында ән шырқалатын, ұстаздар отбасында дүниеге келген баланың әдебиетке ден қоюы, оған құмар болуы заңдылық емес пе?

Кино - ұлттық патриотизмді дамыту құралы - Т. Теменов

Кейін ол тіпті басқа салаға бет бұрса да, ерте ме кеш пе, бала кезден бойына сіңген құдыретті өнер, егер қаласа, оны кездейсоқ жолдармен алып келіп, өз арнасына қайта салатындай. Біздің кейіпкеріміздің тағдыры да осы іспеттес. Ол таяуда 12 сериялы фильм түсірді. Ол не туралы? Халыққа берері қандай? Жалғасы бола ма? Жалпы қазақ киносының бүгінгі ахуалы нешік? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеген ҚазАқпарат тілшісі белгілі кинорежиссер, сценарист Талғат Теменовты әңгімеге тартқан еді.

Кітаптың құдыреті

- Талғат аға, атақты «Махаббат бекеті» фильмінің режиссері қандай ортадан, қандай отбасынан шықты екен, соны білгіміз келеді...

- Менің әкем мұғалім кісі болды. Тарих пәнінен дәріс беретін. Шешем филолог еді. Ол да мұғалім болды. Әкем соғысқа қатысқан. Мәскеу түбінде Волоколамскіні қорғаған. Соғыстан мүгедек болып оралды. Бірақ көзі ашық кісі еді. Орысша да қазақша да еркін жазатын. Ауылдастары әкеме келіп хат, арыздар жаздырып алатын. Сосын, бертін келе әкем ауылда кітапханашы болып істеді. Шешем қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мен өзім мектепке алты жасымда бардым. Әріптерді ерте үйрендім. Бір жолы өзімнен үлкен балаларға Толстойдың «Кавказский пленнигін» оқып бергенім есімде. Шешем ақынжанды кісі еді. Үш-төрт өлең кітаптары болған. Үйіміз кітапхананың қасында болғандықтан, ауылға келетін газет-журналдардың барлығы бірінші әкемнің қолына түсетін. Әрине, үйіміз толған кітап. Кітапханадан жақсы кітап көрсек болды, үйге алып келіп оқимыз. Мен бала кезімнен батырлар жырын жата-жастанып оқып өстім. Оның үстіне анам сол батырлар жырын жатқа оқитын.

- Үйде кітапқа деген құрмет жоғары болған екен ғой

- Иә, үлкен ағамның журналист болып кетуі де осыдан деп ойлаймын. Сосын анамның әншілік өнері де болды, той-томалақтарда ән шырқайтын. Әкем де қара жаяу емес еді, ол да қуанышты басқосуларда «әу» деп қоятын. Үйге қонақтар келгенде, дастархан басында ылғи ән шырқалатын немесе өлең оқылатын. Есімде, үйде сырнай болды. Аккардеон. Мен соны үйреніп алдым. Үлкен ағам домбыра тартты. Мен оны да үйреніп алдым. Біздің мектеп-интернатта үрмелі оркестр болды. Сол оркестрде бес-алты жыл кернейде ойнадым. Дегенмен, сабақты жақсы оқыдым. Барлығы төрт пен бес болатын.

- Талғат аға, мектепте оқып жүрген кезіңізде «Ақын бала» да атаныпсыз. Нешінші сыныптап бастап өлең жаза бастадыңыз? - Бесінші сыныптап болуы керек шамасы. Сол жылы алғашқы өлеңім аудандық газетке шықты. Бір күні әдебиет пәнінің мұғалімі Дәріш деген ағайымыз сыныпқа кіріп: Талғат, өлеңің газетке шықты, - деді. Барлығымыз үдере түрегеліп дәлізге шықсақ, газетті хабарландыру тақтасына іліп қойыпты. Сонда сыныптастарымның, мұғалімдердің қолымды қысып, мақтағаны, қолдау көрсеткені мен үшін үлкен қуаныш болды. Бұдан кейін де туған жер, мектеп жайлы кішігірім өлеңдер жазып жүрдім. Содан, жоғары сыныпта оқып жүрген кезім. Майра Амантаева деген математик апайымыз бар еді. Кейін ол кісі КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты да болды. Сол Майра апай менің математикадан қабілет-қарымымды байқап, апта сайын маған қосымша 100 есеп беріп, шығартып жүрді. «Сен Мәскеу университетінің физматына барасың» - дейтін. Ал менің әлі мамандық таңдай қоймаған кезім. Бар ынтам - кітап оқу. Сөйтіп кітаптарды бірінен соң-бірін оқып жүріп, бір күні қолыма философия оқулығы түссе бола ма!? Қатты аңсарым ауды. Философия бойынша қолыма түскен кітаптардың барлығын оқып шықтым. Олардың ішінде жоғары оқу орнының студенттері оқитын Маркстік-Лениндік философия оқулықтары да бар. Содан не керек, біржола философ болам деп шештім.

Алматының жаңбыры

- Осы мамандық бойынша жоғары оқу орнына түсуге әрекет жасадыңыз ба?

- Иә, мен сол философ болуды армандап, сол философияға барған адаммын. Мектепті жақсы бітірдім де, құжаттарымды Қазақ ұлттық университетінің философия факультетіне тапсырдым. Бірақ, тарих пәнінен емтихан алған Бақтажар Мекішов дейтін ағай маған үш қойды да мен аяқ астынан өтпей қалдым. Ол кезде университет қазіргі Жүргенов атындағы өнер академиясында орналасқан болатын. Ұнжырғам түсіп, ішім әлем-жәлем болып сыртқа шықтым. Уақытша жалдаған пәтерім қазіргі Наурызбай мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында болатын. Содан сыртқа шықсам, ауа түнеріп, жаңбыр құйып тұр екен. Консерваторияның корпусы арқылы аялдамаға қарай жүгіре басып келемін. Қазіргі Абылай хан даңғылы бойындағы аялдаманың қалқаншасының астына өзім секілді жастар үймелей қалыпты. Мен де жүгіре басып, қастарына барып тұра қалдым. Жастар дабырлап әңгімелесіп тұр. Консерватория жайында айтып жатқандарын естідім. Соның театр факультетіне оқуға түсуге келген жастар екен. Әңгімелерін тыңдап тұрмын. «Мен де барсам» деген ой келді. Содан не керек, жаңбыр басылған соң, әлгі жастармен ілесіп, мен де консерваторияға кірдім. Сөйтсем, Асқар Тоқпанов ағамыз актерлік факультетке талапкерлерді қабылдап жатыр екен. Қараймын, жастардың бірі өлең оқып жатыр, енді бірі қара сөз оқиды. Тыңдадым. Кейін бір жігіттен өлеңді бұл жерде қалай оқу керектігі жайында сұрап алдым да сыртқа беттедім. Сөйтіп, өзімше дайындалып, ертеңіне консераторияға қайта келдім.

- Ал үйдегілерге ештеңе айтқан жоқсыз ба?

- Жо-жоқ. Әке-шешем Шелекте, Малыбай ауылында тұрады. Барып келе қоятын жақын жер емес. Содан келесі күні келдім. Комиссия алдына ең соңынан шықтым. - Ал қандай дайындықпен келдің?, - деді Асқар Тоқпанов. Мен: Өлең оқимын, - дедім. - Кімнің өлеңі? - Сәкен Сейфуллиннің өлеңі. - Ал жарайды, баста! Мен өзімнің жазған өлеңімді мәнерлеп, барымды салып оқып бердім. Қандай өлең оқығаным қазір есімде жоқ. Асқан Тоқпанов ағай: - Бұл Сейфуллиннің өлеңіне ұқсамайды ғой, қане дұрыстап айт, бұл кімнің өлеңі? - деп маған қадала қарады. Мен күмілжіп, жәй ғана: Ағай, мен... өз өлеңімді оқып едім, - дедім. Асқар аға жымиды да: Қане, басыңды көтер, маңдайыңды аш, ертең ана шашыңды қидырып қайта келетін бол, - деді. Шашым ұзын болатын, иығыма түсіп тұратын. Содан, ертесіне қиналып, амалсыздан, әйтеуір ырымын жасап, қайтып келдім. Содан оқуға қабылданып кеттім.

- Апырай, өнер жолына байқаусызда келген екенсіз ғой.

- Иә, мен өнер жолына байқаусызда келдім. Дегенмен, жаңа айтып өттім, мектепте оқып жүргенде музыка үйірмесіне, әдебиет үйірмесіне және басқа да пәндік үйірмелерге қатысып жүрдім. Мен өзі үйірмелерден қалмайтынмын. Тіпті сыныптастарым: «Осы Талғаттың қатыспайтын үйірмесі жоқ, үйірмеден қолы босамайды», - деп мазақтайтын. Бұл жерде менің өнерге сенімді түрде келуіме біріншіден музыкаға, әдебиетке деген ынтызарлығым себеп болса, екіншіден жаңағы кездейсоқтық жағдай. Егер жаңбыр жаумай, мен аялдамада үйіріліп тұрған жастардың арасына барып тұрмағанда, кім біледі тағдырым басқаша болар ма еді...

- Талғат аға, актерлік факультетті бітірген соң қай театрда жұмыс істедіңіз?

- Мен актерлік факультетті 1976 жылы бітірдім. Содан, Талдықорған қаласындағы облыстық театрда 4 жыл актер болып еңбек еттім. Сонымен қатар, мен фотограф болып та жұмыс істедім. Мен бала кезімнен фотоға түсіруге әуес болдым. Фотограф болу - бұл енді ол кезде өз алдына бір үлкен өнер еді ғой! Театрда, мектептерде, мереке кездерінде балаларды фотоға түсіріп, оны түнімен шығарып, таңертең тарататынбыз. Бұл да бір өз алдына ерекше қуанышты кезең еді. Содан, спектакальдерді фотоға түсіріп жүрдім. Оларға рецензиялар жаза бастадым.

Ұйқысыз түндер

- Талғат аға, рецензия демекші сіз бірнеше әңгіме, повесть жазған адамсыз. Осы актер болып жұмыс істеп жүрген кезіңізден бастап жаза бастадыңыз ба?

- Менің алғашқы әңгімелерім, консерваторияда оқып жүрген кезде жазыла бастады. Ол кезде мен 50 сом озық шәкіртақы аламын. Жақсы оқыдым. Абай даңғылының бойындағы жатақханада тұрамын. Сөйтіп жүріп, қасымыздағы 54-ші мектепке қарауыл болып жұмысқа тұрдым. Күн ара кешке барып мектепті қабылдап аламын, таңертең тапсырамын. Содан түнімен не істейсің? Мен түнімен отырып жазатынмын. Осылайша қаламымды шыңдадым. Мектептен 60 сом айлық аламын. Барлығы 110 сом. Бұл, ол кезде үлкен ақша болатын. Содан біртіндеп повесть жазуға кірістім. Сөйтіп жүргенде алғашқы тырнақалды әңгімелерімді Әшірбек Сығайға көрсете бастадым. Ол кезде Әшекең консерваторияға жаңадан келген жас мұғалім болатын. Маған жазу өнеріне қатысты ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеді. Бұл мен үшін өте үлкен демеу болды! Кейін Талдықорған қаласына барған кезде әңгімелерім облыстық «Еңбек туы» және «Лениншіл Жас» газеттеріне шыға бастады. «Гүлназ» повесімді сол, Талдықорғанда жүргенде жаздым. Ол кейін «Жалын» журналында жарық көрді.

- Бұл нешінші жылы еді аға?

- Бұл 1981 жылдар еді.

- Басқа қандай әңгімелеріңіз жарық көрді?

- «Айғағым болшы, Ақсәуле», «Бригантина - ең үлкен тоңазытқыш» атты әңгімелерім облыстық газетте басылды. Сонымен қатар, осы кезде спектакльдерге қатысты рецензиялар да жарық көре бастады.

Еліктеу

- Туындыларыңыздың негізгі тақырып желісі қандай еді?

- Тақырып желісіне келсек, әрине негізінен махаббат жайлы, алғашқы сезім жайлы болды ғой. Айтпақшы осы тұста газетте «Көкебала» дейтін әңгімем де басылып шықты. Сөйтіп жүріп, орыс әдебиетіне ден қоя бастадым. Ол кезде Шукшиннің атағы дүркіреп тұрған кез. Ол әрі режиссер әрі актер болатын. Қысқа әңгімелерді көп жазған кісі. Мен сол кісіге қатты еліктедім! Ол актер болса мен де актермін. Ол сценарист болса, мен де сценарий жазамын. Сол Василий Шукшин, Распутин, Астафьев, классиктерден Пушкин, Чеховты, Горькийді , Жорж Амаду, Тереза Батиста, Борхестің, Маркестің шығармаларын оқып жүріп, біржола режиссураға кетуге бел будым. Содан Мәскеуге барып оқуға түстім.

- Ал бұл нешінші жыл еді?

- Мен сол 1982 жылы Сергей Соловьевтің курсына оқуға қабылдандым. Қазақстаннан отыздан астам адам құжат жібердік. Содан оншақты адамды шақырды. Сол оншақты адамның ішінен мен ғана түстім. Соловьевтің шеберханасында оқыдым. Сөйтіп жүріп, орыс тілінде де біртіндеп сценарий жаза бастадым. Оқуға түсерге дейін мен «Қазақфильм» киностудиясында кіші редактор болып жұмыс істейтінмін. Сонда осы «Қазақфильмде» түсірілген барлық фильмнің сценарийлерін оқып шықтым десе де болады. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Мәскеуге оқуға түскенде солардың көмегі тиді. Содан оқуды 1986 жылы «Торомен» бітірдім. Өте жақсы деген баға алдым. Бұл алғашқы фильмімді артынша Молодость-86 фестиваліне алып бардым. Фильм «Ең үздік фильм», «Ең үздік режиссура» және «Ең үздік музыка» аталымдары бойынша үш сыйлықты қатар жеңіп алды.

- «Торо» фильмі сіздің дипломдық жұмысыңыз ба еді?

- Дипломдық жұмысым.

Роллан Быков

- Сол дипломдық жұмысыңыздың фестивальде жоғары бағаға ие болуы сізге өзіңізге деген сенімділігіңізді арттырған болар?

- Енді мен сахнаға шығып актерлік өнердің дәмін татып, фильмдер түсіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген жанмын. Бұл үшін көрермендеріме дән ризамын! Сол тұрғыдан келгенде фильмінің жүлде алып, оза шапқаны - үлкен абырой болды. Сол жылы, яғни 1986 жылы желтоқсанда Бүкілодақтық жас режиссерлардың байқау фестивалі болды да, соңы «Торо» фильмімен жабылды. Сол кезде зал қол шапалақтап тұрып алған кезде, әрине бұл жас режиссер үшін, әсіресе дипломдық жұмысы үшін үлкен мәртебе еді, жауапкершілік еді. Соған қарап қолыңнан бірдеңе келетініне көзің жете бастайды. Содан әрі қарай іске кірістім. «Қазақфильмде» істеп жүрген кезім. Киностудияның жатақханасында тұрам. Бір күні кешке жатақханада жатсам, вахтадағы апай жүгіріп келіп: - Сені шұғыл түрде телефонға шақырып жатыр, тез төмен түс» - деді. «Кім екен» - деп, апыл-ғұпыл киініп, бесінші қабаттан төмен түстім. Телефонның тұтқасын құлағыма апарып: «Алло» дегенім сол еді:

- Бұл Талғат Теменов пе? Мен сізді Роллан Быковқа жалғаймын!- деген әйелдің дауыс естілді. Роллан Быков?! Осының алдында ғана «Чучело» фильмін түсірген режиссер, ал оның алдында «Әли баба және қырық қарақшы» фильмінде екі рольды қатар сомдаған атақты актер! Біз үшін ол кезде киноның құдайы! Қатты толқып тұрмын. Сәлемдестік. Роллан Быков: - Қымбаттым, мен фильмің жайлы жақсы пікірлер естідім. Мен соны көргім келеді. Ертең маған келші, - десе бола ма?! Мен сасқанымнан: Роллан Быкович! - деппін. Ол кісі: Быкович емес, Антонович. Ертең кел. Мекен-жайды білесің ғой, қыздар телефон нөмірімді айтады, - деді де тұтқаны қоя салды! Мен не істерімді білмей, сол жерде аңырап тұрып қалдым. Қалтамда көк тиын ақша жоқ. Енді не істеймін? Мәскеуге қалай жетем? Ол кезде билет табу қияметтің қияметі. Бағасы 62 сом тұрады. Содан не керек, жігерімді жанып, екі өкпемді қолыма ұстап, түнімен тамыр-таныстарды аралап, жүгіріп жүріп қарызға ақша тауып, таңертең «Тороның» көшірмесін қолтығыма қыстым да әуежайға жеттім. Ой, несін айтасың, жалынып, жалбарынып, өлердегі сөзімді айтып, тіпті Роллан Быковтың шақырғанын да айтып жүріп, қойшы әйтеуір зорға дегенде билет алып, ұшаққа отырдым-ау. Мәскеуге жете салысыммен таксиге отырып, алып-ұшып Мосфильмге келдім. Келсем, Быков Мәскеу түбіндегі Болышеваға кетіп қалыпты. Кинематографистердің шығармашылық үйі сонда болатын. Құдай-ау, әлем жер екен. Электричкамен екі сағат па, үш сағат па жүріп әрең жеттім. Сөйтсем, режиссерлар аты-шулы бесінші съезге дайындалып жатыр екен. Бір сағаттай тосып отырып қалдым. Бір уақытта үзіліске шыққан Роллан Быков: Қазір көреміз, - деді. Содан өңкей ығай мен сығайлар, Кеңес одағының Павел Чухрай, Александр Митта, Никита Михалков, Георгий Данелия, Эльдар Рязанов сынды бетке ұстар режиссерлары, киносыншылар , кинозерттеушілер жиналып фильмді көрді. Көріп болған соң риза болып қол шапалақтады. Кейін Роллан Антонович маған бұрылып:

- Мен Мосфильмде жаңа бірлестік құрып жатырмын. Юность деп аталады. Қысқасы, мен сенің Мәскеуге келгеніңді қалаймын, - деді. Мен келістім. Сөйтіп, сол жылы Мәскеуге келдім. Роллан Антонович жатақханадан екі бөлмелік секция алып берді. Мен сол жаңа бірлестікте бір жағынан сценарий жаздым, екінші жағынан кино түсіру үшін сценарийлер қарастырдым. Бір күні қолыма Макаренко туралы сценарий түсті. Содан Роллан Антоновичке келіп, осы фильмді түсіргім келетінін айттым. Ол кісі біраз ойланып отырды да: - Жоқ. Бұл орыс материалы. Михалков, Грамматиков, Панфилов, Рязановтар орыс материалын бәрібір сенен жақсы біледі. Бірақ олар қазақша материалды білмейді. Сондықтан сен ұлттық кино түсіруің керек. Сенің ұтымды жерің осы - деді. Содан Мәскеуде сценарист оқуын бітірейін деп жатқан Баян Сарағұлов дейтін қырғыз драматургы екеуміз «Адамдар арасындағы бөлтірік» - фильмінің сценариін жазып шықтық.

- Сіз Мосфильмде кино түсірген тұңғыш қазақ режиссерісіз ғой...

- Иә және соңғысы. Мен сол Мосфильмде «Адамдар арасындағы бөлтірікті» түсірдім.

Төтенше жағдай

- Аға, сіздің «Махаббат бекеті» фильміңіз әлі күнге дейін жастардың сүйіп тамашалайтын киносы. Онда адамды баурап алар бір ерекше қасиет бар. Осының сыры неде?

- «Гүлнәз» повесі «Жалын» журналына шыққан соң, ол туралы жақсы пікірлер айтылды. Кейін Тұтқабай Иманбеков ағамыз марқұм «Талғаттың гүлі мен нәзі» деп тақырып қойып, рецензия жазды. Повесть кейін өз алдына жеке кітап болып та шықты. Мен алғашқы кезде сценарийлер жазып жүргеніммен, өз повесіме келуге жүрексініп жүрдім. Кейін Желтоқсан оқиғасы болды. Мен ол кезде Мәскеуде едім. Кейін елге келген соң көп жәйтке қанықтым. Бірақ сол кезде бұл оқиға туралы шындықтың айтылмағаны, оған жол берілмеуі, әсіресе бұл оқиға туралы шет мемлекеттердің хабарсыз болуы зығырданымды қайнатты. Бір жағы қазақ жастарының жасқанбай алаңға шыққандығы көңілімде мақтаныш сезімін тудырды. Осындай алай-дүлей күйде жүргенімде осы жағдайды қалай да көрсетсем деген ой мазалады мені. Содан мәскеулік драматург Олег Манжиев екеуміз «Қызғыш құсты» жазып шықтық. Киноны түсіріп болдық. Орысша нұсқасын бітіріп, қазақша нұсқасын жасап жатқан кезім. Фильмді сол күні кешкі сағат жетіде Мәскеуге ұшақ арқылы жөнелтеуіміз керек. Түстен кейін сағат төрт-бестер шамасы болатын. Пленкалар тиелген «рафик» машинасы «Қазақфильм» киностудиясының алдында тосып тұр. Бір уақытта машинаны аяқ астынан өрт шалды! Ішіндегі киноматериалдардың барлығы өртке оранды! Олардың ішінде «Қызғыш құсты» түсірген негативтердің барлығы кетті. Иманғали (ред. Иманғали Тасмағамбетов) кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне хабарласып, Крючковтың (ред. МҚК төрағасы) рұқсатымен Желтоқсанға қатысты көптеген деректі кадрларды алып берген болатын. Көбісі өртеніп кетті. Содан аман қалғандарын жөндеп, ретке келтіріп, қайта монтаждап «Қызғыш құсты» бәрібір шығардым ғой. Сонда «Машинаның өртенуі кездейсоқ жағдай шығар» деп өзімді қанша жұбатсам да, кейде: «Бұл сол аты-шулы комитеттің ісі ме» - деп те ойланамын. Өйткені сол машинаның жұмысқа кіргеніне бір жеті ғана болған жүргізушісі бір жетіден кейін жұмыстан шығып кетті. Мына бүгінде Желтоқсанға қатысты көрсетіліп жүрген бейнекөріністердің барлығы менің фильмімнен алынған бейнекадрлар. Осы фильмнен кейін, көптеген кездесулерде жастар: «Махаббат жайлы, жастар жайлы неге түсірмейсіз?» - деген секілді ұсыныстар айтып жүрді. Сөйтіп белді буып, «Гүлназ» повесіне қайта оралдым да, сол киноны түсіріп шықтым. 1993 жылы 25 мамырда фильм 75 көшірмесімен бір мезетте барлық облыста көрсетілді. Бұл кино ел ішінде шын мәнінде үлкен жаңалық болғаны рас. Музыкасы күні бүгінге дейін радиолардан, тіпті ұялы телефондардан естіліп тұрады. Оның үстіне сол бір шақ, осы «Махаббат бекетінің», «Қызғыш құстың» және «Адамдар арасындағы бөлтіріктің» музыкасын жазған менің досым, талантты композитор Төлеген Мұхамеджановтың керемет бабындағы кезі болатын. Бұл фильмде шын мәнінде бір тазалық, балалық, аңғалдық, адамгершілік, достық, яғни бір сөзбен айтқанда гуманистік құндылықтар болды. Фильмнің ерекшелігі де сонда деп білем.

Фильмнің өзегі

- Сіз фильмдеріңіздің сценарийлерін өзіңіз жазасыз. Фильмнің сәтті шығуына мұның әсері қандай?

- Егер фильмнің өзегі - сценарий, яғни драматургия болып есептелетін болса, өзің жазған соң, бұған әрине көп мән бересің. Мысалы, басқа біреудің сценариі бойынша кино түсіргенде, оған өзгеріс енгізер болсаң, сценарист мұнымен мүлдем келіспеуі мүмкін. Сонда оны түсіру қиын болады. Сол тұрғыдан келгенде әлемдік кино саласында көптеген режиссерлар сценариді сценаристермен бірлесіп жазады немесе өздері жазады. Драматургия жәй әңгіме емес, ол роман да, повесть де емес. Оның өз заңдылықтары бар. Сондықтан біздің кейбір драматургтарымыз киносценарийлерді жаза алмайды. Мен мысалы сценарий жазып отырғанда осы жазып жатқан дүниемді қандай көрініспен түсірем, қалай түсірем, камера қалай қозғалуы керек, кран қалай жұмыс істеуі керек, осылардың барлығын қатар ескеріп отырамын. Үлкен көрініс, орташа көрініс, жалпы көрініс деген ұғымдар бар. Киноны түсіріп жатқан кезде объектив те өзгеріп отырады. Мысалы жалпы көріністі 16-20-25-ші объевтивпен түсірсең, үлкен көріністі 75-80, кейде 100, кейде тіпті 125, 150-ші объективпен түсіресің, яғни объективті ауыстырып отырасың. Міне осыларды о баста ескеріп отыруға болады. Міне, мұның құдыреті де пайдасы да сонда. (Осы жерде Талғат аға жөткірініп, құрғаған тамағын жібіту үшін қолына бір шыныаяқ шай алды. Балконнан сыртқа, самсаған қарағайларға көз тастап отырып әңгімесін әрі қарай жалғастырды). - Мен осы 1980 жылы бірінші рет Мәскеуге оқуға баратын болдым. Сонда Асанәлі Әшімов ағамыз бірде жолы түсіп, менің театрда ойнаған рольдерімді көрген екен. Бір талқылауда жылы лебіз де білдіріпті. Содан қасымдағы достарым: «Асакең саған қолдау хат жазып берсін. Мәскеуде көмегі тиеді ғой» - дегендей ақыл айтты. Содан Асанәлі ағаны іздеп тұңғыш рет осы «Алматы шипажайына» келгенім бар. Келсем, Асекең Ғабит Мүсірепов ағамыз екеуі осында демалып жатыр екен. Дәл сол кезде Серіктің (ред. Серік Қонақбаев) финалға шыққан кезі. Барлығымыз отырып көрдік. Сонда Ғабең Серіктің жеңілісіне қатып налып, "Әттеген-ай, әттеген-ай" - деп басын шайқап, біраз уақытқа дейін өзін баса алмай, күйінгені есімде.

- Талғат аға, сіздің түсірген әрбір туындыңыз елді елең еткізер жаңалық болатыны хақ. Бірақ көрермендер соңғы кездері сізді үлкен кино майданынан көре алмай жүр. Қазіргі шығармашылық жұмыстарыңызға тоқталсаңыз.

- Мен осы жақында ғана «Судағы із» деп аталатын 12 сериялы фильм түсірдім. Қазір тек дыбыстау жұмыстары қалды. Соған 7 миллион теңге таппай, қиналып отырған жайым бар. Бұл кино 1991 жылы тамыз айының онында «ГКЧП» басталған күннен бастап, күні бүгінге дейінгі аралықты қамтиды. Үш жігіт бір қыздың тағдыры жайында. Солар арқылы мемлекеттің өсу, өркендеу жолдары көрсетіледі. Мен осы фильмді бітірген соң, оны біраз киногерлерге көрсеттім. Сатыбалды Нарымбетов, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов, Ардақ Әмірқұлов, Аманжол Айтуаров, Игорь Вовнянко, Нұртілеу Иманғали, Ұлықбек Есдәулет барлығы да жылы лебіздерін білдірді!

- Фильм көрермен назарына қашан ұсынылады?

- Осы алдағы қыркүйек немесе қазан айында шығып қалуы тиіс.

- Қанша уақыт түсірдіңіз?

- Мен мұны былтыр жазда бір жарым ай түсірдім. Қыста бір айға жуық уақыт түсірдім. Бірақ мен бұл фильмге Өзбекстаннан Рифкат Ибрагимов дейтін талантты операторды, ал монтажына Голливудтан Кристофер Белл дейтін монтажерді шақырдым. Әрине 12 серия болғаннан кейін, монтажына көп уақыт кетті. Мен соңғы үш айдың ішінде жұмысқа таңертең сағат 10-да барып, үйге ертесіне таңғы сағат бес-алтыларда келіп жүрдім. Бір күн демалғаным жоқ. Бірақ монтажерларым ауысып отырды. Үлкен жұмыс болды. Бұл фильм енді ел арасында елеулі жаңалық болар деген үміттемін.

Кино және идеология

- Бұл фильмнің бюджеті қалай болды? Жалпы сериалдарға көзқарасыңыз.

- Сериал - бұл бүкіл әлемдік дүние. Сериалды барлық елдер түсіреді. Ал біздің телеарналарға қарасаң, көп жағдайда біресе кәріс, біресе түрік, біресе үнді фильмдері бірінен соң бірі көрсетіледі. Ресейдің кинолары ғой болса да. Бір әжеміз айтқан екен: «Өзіміздің қайғымыз аздай, енді Мәрияның қайғысы қосылды» - деп. Сол айтқандай, телеарналарда шет елдік фильмдер өте көп көрсетіледі. Ал өзіміздің ұлттық фильмдеріміз, сериалдарымыз өте аз түсіріледі. Неге? Өйткені сериалға бөлінетін ақша кейде күлкі шақырады. Бізде бір серияға 35 мыңдай ғана доллар бөлінеді. Ал Ресейде мысалы түсіріліп жатқан кинолардың әрбір сериясына 400 000 долларға дейін бөлінеді. Бізде 30-35 ақ мың доллар. Бұл барып тұрған күнә! Мен «Судағы із» бойынша 550 бет сценарий жаздым. Алты ай. Таң атқаннан күн батқанға дейін. Әлі де жазылады. Бұған қаншама күш-жігер жұмсалды. Дегенмен үлкен дүние болып шықты. Ал жалпы, бізде сериалдар аз түсіріледі және бір жағынан мардымсыз қаржыға түсірілген соң, өкінішке қарай, көп жағдайда халықтың көңілінен шықпай жатады. Өйткені сценариі әлсіз жазылған. Сол үшін де актерлар алаңда эпизодтарды жандандыру үшін, жиі импровизация жасап ойнайды. «Қалың қалаймен» басталып, сол, «жағдай сұрасумен» аяқталатын диалогтар кімге керек? Кино көрінгеннің ермегі емес. Халықтың жанына жол табу үшін, барыңды салып еңбек ету қажет. Киноға мемлекет тарапынан қолдау керек. Өйткені кино - ол идеология. Ол Ұлттық идеология! Кино ұлттық патриотизмді дамыту құралы! Мына, ақпараттық қауіпсіздік деген болады. Мемлекет болған соң, мемлекеттің шекарасы болған соң, ақпарат көзін, идеология көзін қорғамаса болмайды. Сонда ғана кино ұлттық сипатқа көшеді. Сонда ғана ұлттық идеология дамиды. Сондықтан кино, сериалдарымызды қалпына келтірмесек, ақпараттық қауіпсіздігімзге орасан зор нұқсан келеді. Өйткені, мұның арғы жағында қазақтың рухани әлемі, рухани ерекшелігі, дүниетанымы жатыр. Ол мемлекеттің шекарасынан да құнды! Ұлттық киномызды көрген әрбір жасөспірім өзінің қазақ екендігін мақтан тұтатын болуы керек.

- Жаңа өзіңіз айтып өттіңіз кино - ол идеологиялық құрал деп. Ұлттық идеологияның бір тамыры мәдениет пен әдебиетте жатыр ғой. Осы қазір қазақ киносы мен қазақ әдебиетінің ара-қатынасы қандай?

- Өкінішке қарай, қазір қазақ киносы мен әдебиеті Амудария мен Сырдария секілді екі бөлек дүние. Қазір қазақ әдебиеті өз алдына, кино өз алдына, сериал өз алдына. Бір-біріне еш қатысы жоқ тарам-тарам үш дүние. Өте өкінішті жағдай. Бұл қазақ үшін үлкен сор! Кезінде Димекең айтқан екен бір кездесуде: «Мені екі нәрсе қатты мазалайды. Ол - «Қайрат» пен «Қазақфильмнің» аяқалысы», - деп. Мұның арғы жағында үлкен философия, пәлсапа жатыр! Өйткені спорт та елдің, халықтың атын шығаратын, айдай әлемге танытатын өнер! Жақында ғана Коста-Рика футболдан әлем чемпионатында айды аспанға шығарды емес пе! Оларда төрт-ақ миллион халық тұрады екен. Ал бізде 17 миллион. Біз сегіздік, төрттік финалға шықпақ түгілі, сол чемпионаттың маңына да жолай алмай жүрміз. Спорт та, кино да халықты біріктіре түсетін идеологиялық майдан! Кино да, кино фестивальдері де үлкен идеологиялық дода! Осы тұрғыдан келгенде ұлттық кино болуы үшін халық болып, мемлекет болып киноға күш салу қажет. Ұлттық үлкен құнды дүние болмай, ұлт үлкен биікке көтеріле алмайды. Біз әлі күнге дейін Әуезовпен, Абаймен мақтанамыз. Олардың рухы әлі күнге дейін халыққа рухани нәр беріп келеді. Бірақ бізге енді бүгінгі күннің Әуезовтары, Аймановтары керек! Бір Аймановпен, бір Әуезовпен, бір Сәтбаевпен бірнеше ғасыр өмір сүруге болмайды ғой! Олар өз замандарының алыптары болды. Ал ұлт алға дамуы үшін, ұрпақ дамуы үшін әр заманның өз классиктері болуы шарт. Ал бұл үшін мемлекет тарапынан ұлттық қамқорлық қажет!

Аға, алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Қазір менің қолымда өзім жазған Томирис және Зарина патшайымдар туралы сценарийлер бар. Бұлар да үлкен патриоттық дүниелер. Бірақ бұларды түсіру үшін тағы да айтамын, мемлекет тұрғысынан көмек керек. Әрине, енді шүкіршілік жасайсың ғой. Дегенмен, әсіресе өнер адамдары үшін уақыт өте құнды дүние. Күшіңнің, құдыретіңнің, мүмкіндігіңнің, денсаулығыңның барында біраз дүниелер жасап, елге сыйлағың келеді. Бірақ қолыңда қаражатың болмаған соң, бармағыңды тістейсің де жүресің. Қынжыласың. Шерағаң айтқандай бір кем дүние. Бірақ, бәрібір мемлекетке үміт артамыз.

- Аға, әңгімеңізге рахмет.