Қырғызстан қара металл сынықтары мен қалдықтары экспортына тыйымды ұзартты
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан қара металл сынықтары мен қалдықтарын экспорттауға уақытша тыйым салуды алты айға ұзартты, деп хабарлайды Kazinform-ның Бішкектегі меншікті тілшісі.
Министрлер Кабинетінің тиісті қаулысына 2026 жылдың 18 ақпанында қол қойылды.
Құжатта Қырғыз Республикасынан қара металл сынықтары мен қалдықтарын, сондай-ақ ЕАЭО ТН ВЭД коды 7204 бойынша жіктелген қайта балқытуға арналған қара металл құймаларын (шихта құймалары) экспорттауға алты ай мерзіміне уақытша тыйым салу белгіленген.
Бұл шаралар отандық металлургиялық компанияларды шикізатпен қамтамасыз ету және жоғары сапалы қайталама металл сынықтарына жоғары сұранысты қанағаттандыру арқылы ішкі нарықты қолдауға бағытталған.
Өткен жылдың қыркүйегінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тысқары жерлерге қара металл сынықтары мен қалдықтарын елден шығаруға алты ай мерзімге уақытша тыйым салынған болатын.
Осыған дейін Қырғызстан макулатура экспортына тыйым салғанын хабарладық.
Елде сондай-ақ электронды темекі импортына тыйым салынғаны белгілі.