Қырғызстан мен Өзбекстан су мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтты

БІШКЕК. KAZINFORM – Манаста қырғыз-өзбек бірлескен су шаруашылығы комиссиясының жетінші отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Кыргызстан и Узбекистан укрепляют сотрудничество по водным вопросам
Фото: Kazinform

Қырғызстан Республикасы Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, тараптар екіжақты өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану, климаттың өзгеруі жағдайында су және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аймақтық даму перспективаларын талқылады.

Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары және Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев су ресурстарын ынтымақтастықтың басым бағыты ретінде белгіледі.

- Аймақтағы негізгі су жолдарының бастауында орналасқан Қырғызстан Орталық Азияның азық-түлік және экологиялық қауіпсіздігіне үлес қоса отырып, төменгі ағыс елдерін қажетті сумен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерін үнемі орындап келеді. Әлемдік климаттың өзгеруіне қарамастан, біздің еліміз суды дау мәселесі ретінде емес, өзара түсіністік, достық және тұрақты дамудың негізі ретінде қарастырады, - деп атап өтті ол.

Ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мақсатында қырғыз тарапы бірқатар жаңа бастамаларды ұсынды, соның ішінде шекаралас аймақтарда тамшылатып және автоматтандырылған суаруды енгізу, ормандарды қалпына келтіру және шөлейттенуге қарсы күрес жүргізу үшін қырғыз-өзбек шекарасы бойында «Достықтың жасыл белдеуін» құру, сондай-ақ су және энергетика салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту.

Сондай-ақ, Қамбарата СЭС-1 және «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолын салуды қоса алғанда, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл жобалар бүкіл аймақтың энергетикалық әлеуеті мен көлік байланысын нығайту үшін айтарлықтай мүмкіндіктер ашып отыр.

Қазан айында Душанбеде қырғыз-тәжік су шаруашылығы комиссиясының бірінші отырысы өтті.

 

Соңғы жаңалықтар