Қырғызстан сталкинг үшін айыппұл мен бас бостандығынан айыру жазасын енгізбекші
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан қудалау үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Kazinform-ның Бішкектегі меншікті тілшісі.
Тиісті заң жобасын Жоғарғы Кенештің (Парламент) депутаттары әзірлеп, ол қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Атап өтілгендей, елдің қолданыстағы заңнамасында тұлғаны оның еркіне қарсы жүйелі түрде қудалауды қамтитын қылмыс құрамы жоқ.
Түзетулерге сәйкес, қылмыстық заңнамаға алғаш рет «сталкинг» ұғымы енгізіліп, ол үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді.
Нақтырақ айтқанда:
- Сталкинг – яғни адамды заңсыз қудалау, оның еркіне қарсы онымен байланыс орнату немесе бақылаумен қатар жүру, оның ішінде интернетті қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы, физикалық зорлық-зомбылықсыз, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға, физикалық немесе психикалық азап шегуге немесе материалдық залал келтіруге әкеп соқтырса, алты айдан бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 20 мыңнан 50 мың сомға дейін (106 мыңнан 264 мың теңгеге дейін) айыппұл салумен жазаланады.
- айтарлықтай материалдық залал келтірген немесе 14 пен 18 жас аралығындағы балаға немесе жүкті әйелге қатысты жасалған сталкинг үшін бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу, 50 мыңнан 100 мың сомға дейін (264 мыңнан 529 мың теңгеге дейін) айыппұл немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
- 14 жасқа толмаған балаға қатысты, жалданып немесе қызметтік жағдайын теріс пайдалану арқылы жасалған қудалау үшін үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру, үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.
Сталкинг – сезім емес, жүйелі қудалау, аңду және психологиялық қысымның қылмыстық көрінісі. Kazinform тілшісі қауіпті құбылыстың себеп-салдарын сарапшылармен бірге талдаған еді. Толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.