Қырғызстанда ардагерлерге берілетін біржолғы төлем сомасы белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 200 мың сом көлемінде біржолғы төлем беріледі, деп хабарлайды Кабар.

Қырғызстанда ардагерлерге берілетін біржолғы төлем сомасы белгілі болды
Фото: Кабар

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек көрсету туралы өкімге қол қойды. Бұл туралы Қырғыз Республикасы президенті әкімшілігі хабарлады.

Құжатқа сәйкес, Президент қорының қаражатынан Қырғызстанның Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігіне почта шығындарын қоса алғанда 4 848 000 сом бөлініп отыр. Бұл қаражат Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 200 000 сом көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеуге бағытталады.

Көмек келесі санаттағы азаматтарға беріледі:

– Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары;
– нацистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлерде, геттоларда және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарында кәмелетке толмаған тұтқын болған тұлғалар;
– Ленинград қаласының қоршауы кезінде (1941 жылғы 8 қыркүйек – 1944 жылғы 27 қаңтар) кәсіпорындарда, мекемелерде және ұйымдарда жұмыс істеген, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісін алған азаматтар.

Осыдан бұрын Қырғызстанда 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметкерлерінің жалақысы өсетінін жаздық.