Қырғызстанда электр энергиясы тапшылығына не себеп болды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің басшысы Дайырбек Орунбеков елдегі электр энергиясы тапшылығының себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Оның айтуынша, энергетика секторында өте өзекті мәселелер бар.
- Бүгінге дейін Қырғызстан Кеңес Одағы кезінде, 60-70 жыл бұрын салынған су электр станциялары есебінен күн көріп келді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейін елде шамамен 30 жыл бойы жаңа энергетикалық нысандар салынбады. Бұл ретте халық саны мен электр энергиясын тұтыну көлемі тұрақты түрде өсті. Жыл сайын жүздеген жаңа ғимарат, фабрикалар мен зауыттар салынып жатыр, олардың барлығы электр энергиясын қажет етеді. Ақыры қазіргі уақытта энергия тапшылығы сезіліп отыр, - деп атап өтті шенеунік.
Дайырбек Орунбеков бұл мәселенің бұрын да болғанын атап өтті.
- Сол кезде ол балама жолдармен шешілмеген. Электр энергиясы көрші елдерден жоғары бағамен сатып алынып, халыққа арзан бағамен сатылды. Салдарынан мемлекеттің қарызы өсті, - деп мәлімдеді ол.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2021 жылдан бастап энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды бастады.
- Қуаты 1860 МВт болатын «Қамбар-Ата-1» су электр станциясының құрылысы басталды. Ол пайдалануға берілгеннен кейін Қырғызстан электр энергиясын экспорттаушы елге айналады, - деді ол.
Сонымен қатар, бүкіл ел бойынша шағын және орта су электр станциялары салынып жатыр. 2024 жылы жалпы қуаты 48,84 МВт болатын сегіз жаңа станция пайдалануға берілді. Биыл жалпы қуаты 41,29 МВт болатын тағы бірнеше нысан салынып, пайдалануға беруге дайындалып жатыр. Бұдан басқа, ірі су электр станциялары жаңғыртылды, олар қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. 2030 жылдың соңына дейін бүкіл ел бойынша ондаған жаңа ірі, орта және шағын су электр станцияларын салу жоспарланып отыр.
- Қазіргі энергия тапшылығы – біздің шыдамымызды сынап тұрған уақытша мәселе. Мемлекет оны шешуге күш салып отыр. Жоғарыда аталған жобалар жүзеге асырылған сайын электр энергиясының тапшылығы біртіндеп жойылып, Қырғызстан энергиядан тәуелсіз және тұрақты мемлекетке айналады, - деп қорытындылады Дайырбек Орунбеков.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 1 тамыздан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қырғызстанда энергетика секторында төтенше жағдай режимі енгізілді.
2025 жылдың қыркүйегінде Қырғызстан энергетика министрі Таалайбек Ибраев алдағы қыстың аса күрделі болатынын ескертіп, халықты электр энергиясын үнемдеуге шақырды.
Қазіргі таңда Қырғызстан тұтынатын электр энергиясы өндірілген көлемнен артық. Тапшылықты ел көрші мемлекеттерден импорт арқылы жауып отыр.
Министр тұрғындарға электр энергиясын үнемдеуді, тұтыну тәртібін сақтауды, әсіресе жүктеме ең жоғары уақыттарда қуаты көп құралдарды қолданбауды ескертті.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Энергетика министрлігіне электр энергиясына шектеусіз тариф қолдануды тоқтатуды тапсырды.
Ел мектептерінде энергияны үнемдеу шаралары енгізілді./
Ал Бішкекте мейрамханалар, барлар мен клубтар кешкі сағат 22:00-ден кейін жабылады.