Қырғызстанда қызылшамен ауырғандар саны артып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда қызылшамен ауырғандар саны әлі артып жатыр. Екі аптадағы өсім 1319 жағдайды құрады.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық иммунопрофилактика орталығының мәліметінше, 2024 жылдың 8 сәуіріндегі жағдай бойынша елде қызылшамен ауырған 7864 адам тіркелген.
Жұқтырғандардың жалпы санын аумақ бойынша бөлсек, Бішкекте – 2599, Ош қаласында – 464, Ош облысында – 1226, Баткенде – 214, Шу облысында – 1836, Жалал-Абад облысында – 1196, Ыстықкөл облысында – 130, Талас облысында – 105 және Нарын облысында – 94.
Бішкек, Шу және Жалал-Абад облыстарында вирус әлі де қарқынды тарап жатыр.
Ауру көбеюінің негізгі себебі - балалар мен ересектер арасында қызылша мен қызамыққа қарсы жоспарлы иммундаудан бас тартудың көптігі.
Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі қызылшамен күресу үшін профилактикалық және эпидемиологиялық шараларды күшейтті. Дәрігерлер ата-аналарды балаларына екпе салып, сол арқылы баласын және айналасындағыларды қауіпті инфекциялардан қорғауға шақырады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қызылша індетіне байланысты Қырғызстанда қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммундау науқанының екінші кезеңі басталды.