Қырғызстан құрылыс саласынан тендер жүйесін алып тастауды көздеп отыр
БІШКЕК. KAZINFORM – Жогорку Кенеш төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекуулу үкіметті құрылыстағы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тендер жүйесінен толығымен бас тартуға шақырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Парламент спикерінің пікірінше, тендерлік процедуралар мектептер мен балабақшалар сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын айтарлықтай баяулатады, бұл халық наразылығын тудырып отыр.
- Мектеп, балабақша немесе басқа да қоғамдық ғимарат – қандай құрылыс жобасы болмасын, олардың барлығы тендер өткізумен байланысты. Адамдар бұдан шаршады. Тендер өткізу процесі екі-үш айға созылады, ал құрылыс жұмыстары кешіктіріледі. Сондықтан тендерлерге қатысты заңдарды қайта қарауымыз керек. Тендерлер болмауы керек. Бұл шара жұмыстың тез және сапалы аяқталуына ықпал етеді, - деді ол.
Нұрланбек Тұрғынбекуулу заңнаманы қайта қарау қажет деп санайды және бұл мәселені президентпен талқылады.
Төраға министрлер кабинетін тендер өткізу процедурасын жою туралы заң жобасын шұғыл түрде Жогорку Кенешке (Парламентке) ұсынуға шақырды.
- Бұл мәселе екі жыл бұрын көтерілген болатын. Сол кезде атауы ғана өзгертілген, бірақ мәні сол күйінде қалды. Мәселені ең қысқа мерзімде шешу керек. Құрылысты тендерсіз жүргізіп, тікелей сатып алу жүзеге асырылуы керек. Қателіктер жіберілген жағдайда тиісті мекемелердің басшылары жауапқа тартылады, - деп қосты ол.
Бұған дейін Қырғызстан мас күйде көлік жүргізгендерге жазаны күшейтпекші екенін хабарлаған болатынбыз.