Қырғызстанда отбасылық мерекелер мен той-думандарды өткізудің ережесі енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда отбасылық той-жоралғылар мен ас беру рәсімдерін өткізу тәртібін реттейтін жаңа құжат әзірленді. Басты мақсат – дарақылық пен даңғойлыққа жол бермей, орынсыз шығынды тежеу. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

До 200 гостей и без кредитов: проведение торжеств намерены упорядочить в Кыргызстане
Фото: freepik

Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті ұсынған қаулы жобасы қазір қоғам талқылауына шығарылды.

Құжат авторларының айтуынша, ұсынылып отырған шаралар қоғамдағы әлеуметтік келісімді нығайтып, шамадан тыс шығыннан туындайтын әлеуметтік қысымды азайтуға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Жобаға сәйкес, тәртіп төмендегі отбасылық салтанаттар мен жоралғыларға қолданылады:
– үйлену тойлары;
– қалыңдықты ұзату;
– бесікке салу, тұсаукесер, сүндет тойы;
– діни рәсімдер: «Қажылық», «Ұмра»;
– жерлеу және ас беру (үші, жетісі, қырқы, жылдық асы).

Тойлар мен өзге де отбасылық мерекелерді өткізу кезінде:
– қонақ санын 200 адаммен шектеу;
– 350 адамнан асатын аста-төк той өткізбеу;
– бір ірі қара немесе бір жылқы союмен шектелу;
– тойды жас жұбайлар мен ата-ананың нақты қаржылық мүмкіндігіне сай, несие мен қарызсыз өткізу ұсынылады.

Сонымен қатар, мынадай әрекеттерге жол берілмейді:
– үш көліктен асатын той кортеждері;
– отшашулар мен шектен тыс шоу-бағдарламалар;
– қымбат сыйлыққа мәжбүрлеу;
– киім сыйлау, сый-сыяпат салынған себет тарту, арнайы ас беру секілді ысырапшыл дәстүрлер.

Ал жерлеу мен ас беру рәсімдеріне қатысты:
– жерлеу күні мал соймай, қатысушылар санын шектемей өткізу;
– жылдық асты міндетті емес, ерікті түрде ұйымдастыру;
– кейінгі ас берулерде ұсақ мал союға немесе ұйымдастырушылардың қалауына қарай бір жылқы не бір ірі қара союға рұқсат;
– ас бергеннің орнына қайырымдылықпен айналысып, мешітке немесе қоғамдық мұқтаждықтарға садақа беру ұсынылады.

Құжатты әзірлеушілер бұл бастама азаматтардың салт-дәстүрді атқару еркіндігін шектеу емес, қайта олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескерген ақылға қонымды, теңгерімді әрі жауапты көзқарас қалыптастыруды көздейтінін атап өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда марқұмдарға ескерткіш пен құлпытас орнату тәртібін реттейтін нұсқаулық әзірленген болатын. Ал 2025 жылдың ақпан айында Министрлер кабинеті жерлеу және зираттағы құрылыстарды орнату тәртібін ресми түрде бекітті.

Осыған дейін Қырғызстан көлік саудасына салынатын салықты алып тастаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар