Қырғызстанда психологиялық көмекке жүгінетіндер көбейіп барады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның денсаулық сақтау министрі Эркин Чечейбаев ел халқының 11%-ы ресми түрде психикалық аурулармен ауыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Кабар.

психолог
Фото: pexels

Оның айтуынша, бұл деректер елдегі психиатриялық мекемелерге жүгінген адамдар санына негізделген. Статистикаға депрессия, күйзелістік бұзылыс, невроз, дүрбелең ұстамалары және басқа да дерт кіреді.

Министрдің ақпаратынша, мұндай үрдіс тек Қырғызстанға ғана тән емес, ұқсас динамика әлемнің көптеген елінде байқалады. Адамдар жиі мазасыздық пен эмоциялық шамадан тыс жүктемені бастан өткереді, әсіресе ауыр жағдайдан немесе күйзелістен кейін. Бұл оларды психологтар мен психиатрларға жүгінуге итермелейді.

— Ақпараттық стресс психикаға түсетін негізгі қысым факторы. Жүгінулер санының өсу себебі қазіргі адамға ағылатын қуатты ақпараттық ағым. Кез келген мемлекеттің ақпараттық кеңістігіндегі контенттің 60%-ына дейінгі бөлігі негативті жаңалықтар, олар психикаға әлдеқайда қатты әсер етеді, — дейді министр.

Чечейбаевтың айтуынша, аудитория мен лайк үшін бәсекелесетін БАҚ пен блогерлер көбіне негативті материалдарды таратады. Соның салдарынан адам күн сайын жергілікті оқиғалардан бастап әлемдік қақтығыстарға дейінгі көптеген мазасыз жаңалыққа тап болады.

Министрдің айтуынша, адам миы үнемі күйзеліс жағдайында жүруге мәжбүр.

— Күн сайын біз үлкен-кеші 500–700 шешім қабылдаймыз. Тіпті дүкендегі сусынды таңдау миға қосымша жүктеме түсіретін шешім, — дейді ол.

Денсаулық сақтау министрі қазіргі заманның басты мәселелерінің бірі психологиялық шаршау екенін атап өтті.

Ақпараттық жүктеме, тұрмыстық күйзеліс және жаһандық оқиғалар адамның эмоционалдық ресурстарын біртіндеп сарқытатын жалпы фон қалыптастырады. Министрдің айтуынша, осының өзі адамдардың кәсіби көмекке жиі жүгінуінің бір себебі.

Айта кетелік еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді

Соңғы жаңалықтар