Қырғызстанда зорлық көрсеткен адам енді екі аптаға қамалуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Жогорку Кенештің әлеуметтік саясат жөніндегі комитеті отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын алғашқы оқылымда қарады, деп жазады Кабар.

Бұл түзетулер Қырғыз Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне және «Отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау және алдын алу туралы» заңына қатысты.
Әділет министрінің бірінші орынбасары Зарылбек уулу Алмазбектің айтуынша, заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында әкімшілік қамауға алу мерзімін 14 тәулікке дейін ұзарту ұсынылады.
— Іс жүзінде отбасылық зорлық-зомбылық тіркелген кезде, ақпарат ІІМ-ге түседі. Күндіз учаскелік инспекторлар, түнде патрульдік қызмет шығады. Олар жағдайды бағалап, қажет болған жағдайда, қорғау ордерін береді. Бұл ордер зорлық көрсетушіге жәбірленушіге жақындауға немесе онымен бір үйде тұруға белгілі бір уақытқа тыйым салады, — деді министр орынбасары.
Талқылау барысында депутат Гүлкан Молдобекова жуырда болған резонанстық оқиға — мектеп бітіру кешінен кейін күйеуінің әйелін атып өлтіру оқиғасы бойынша тергеу барысы туралы сұрады.
ІІМ орынбасары Эркебек Аширходжаев бұл дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын, күдіктінің қамауға алынғанын, тергеу жүріп жатқанын және іс материалдары сотқа жіберілетінін айтты.
Сондай-ақ, Зарылбек уулу Алмазбек қорғау ордерінің орындалуын бақылауды күшейту қажет екенін айтты.
— Қазіргі уақытта бұл талапты орындауға тек учаскелік инспектор жауапты. Егер бұл түзетулер қабылданса, электронды білезіктер мен мобильді қосымшаларды енгізу арқылы бақылау тиімдірек болар еді, — деді ол.
Комитет отырысы қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бұған дейін Қырғызстанда ұлттық төлқұжаттар жаңаратыны хабарланды.