Қырғызстандағы көрмеде «Ұлы дала аңыздары» таныстырылды
БІШКЕК. KAZINFORM — Бішкектегі Ғапар Әйтиев атындағы ұлттық бейнелеу өнері музейінде қазақстандық суретшілер Өмірәлі Исмаилов пен Мәжит Бәйтеновтің «Ұлы дала аңыздары» атты картиналарының көрмесі ашылды, деп хабарлайды Kazinform-ның Бішкектегі меншікті тілшісі.
Іс-шараның ресми ашылуына Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Асхат Сыздықов, шығармашылық интеллигенция, қазақ диаспорасының өкілдері, жастар қатысты.
Бұл — қазақ кескіндемесіндегі бағыттарды бейнелейтін екі шебердің шығармашылығын біріктіріп, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне, сондай-ақ түркі мұрасына арналған көрме.
Көрмеге даланың табиғи сұлулығының рухын, аңыздар мен рәміздер атмосферасын жеткізетін 60-тан астам туынды қойылған.
ҚР Көркемсурет академиясының вице-президенті, Қазақстан Суретшілері мен дизайнерлері одағының мүшесі Өмірәлі Исмаилов өз шығармаларында өмірдің мәні, адам болмысының табиғаты, адамның дүниедегі орны мәселелерін қозғай отырып, заманауи кескіндеме мен абстрактілі экспрессионизмді зерттеп келеді.
— Бүгін біз Бішкекте алғаш рет көрмеге шығып отырмыз. Бұл әрі қуанышты, әрі толқытқан күн. Қырғызстандық әріптестер Қазақстандағы симпозиумдарға жиі қатысады; біз үнемі араласамыз және олардың жұмысымен де таныспыз. Абстрактілі минимализм мен авангард стилінде орындалған менің картиналарым келушілерге желдің күші мен кең даланың тыныштығын сезініп, дала атмосферасына енуге мүмкіндік береді. Заманауи стильде жасалған бұл туындыларды жұртшылық жоғары бағалайды деп сенемін, — деді Өмірәлі Исмаилов.
Қазақстан Көркемсурет академиясының академигі, кескіндемеші, график суретші, өнертану кафедрасының доценті Мәжит Бәйтенов Қырғызстан астанасындағы мұражайда үлкен сурет көрмесін өткізуді көптен жоспарлаған болатын.
— Көрмеге алдын ала дайындалдық. Жұмыстардың арасында ескілері де, жаңалары да бар. Көрме жақсы қойылған деп ойлаймын. Қазақ пен қырғыз халықтарының мәдениеті бір-бірімен тығыз байланысты. Негізгі тақырып — қазақ даласының ұлылығы мен тылсым сырлары, — деп бөлісті қазақстандық суретші.
Айта кетейік, жерлестеріміздің өнер туындыларына ересектер ғана емес, жастар да қызығушылық танытты.
Көрме 31 мамырға дейін ашық.
Бұдан бұрын Қырғызстан ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған күміс монетаны айналымға енгізгенін жаздық.