Қырғызстанға жанар-жағармай жеткізетін қытайлық жүргізушілердің кіру тәртібі жеңілдетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда мұнай өнімдерін мемлекеттік шекара арқылы автокөлікпен тасымалдауға арналған уақытша арнайы визасыз тәртіп енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстанға жанар-жағармай жеткізетін қытайлық жүргізушілердің кіру тәртібі жеңілдетілді
Фото: economist.kg

Министрлер кабинеті Қырғызстанға мұнай өнімдерін автомобильмен тасымалдайтын Қытай азаматтары үшін елге визасыз кірудің уақытша арнайы тәртібін белгілейтін қаулы қабылдады.

Бұл шара елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға, халықты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етуге және ұлттық экономика субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында қабылданды.

Құжатқа сәйкес, Қытай азаматтары мұнай өнімдерін жеткізу үшін Қырғызстан Республикасының территориясында 5 күн ішінде визасыз жүре алады.

Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін аталған азаматтар Қырғызстан аумағында болуын жалғастырған жағдайда, оларға сыртқы көші-қон саласындағы жалпы заңнама талаптары қолданылады.

Бұған дейін Қырғызстанның жанар-жағармай материалдарын импорттаушылар үшін субсидияларды 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартқаны хабарланған болатын. Сондай-ақ елде Еуро-5 стандартына сай отын өндіру жоспарланып жатқаны туралы жазған едік.

Ақзат Бақытжанқызы