Қырғызстаннан әкелінген жемістерден қауіпті зиянкестер анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық инспекциясы еліміздің аумағына карантиндік зиянкестермен залалданған жеміс өнімдерін кіргізуге жол бермеді.
«Қордай» автомобиль өткізу бекетінде жүргізілген фитосанитариялық бақылау барысында Қырғыз Республикасынан келген автокөлік құралдарынан қауіпті карантиндік зиянкестер анықталды.
— Салмағы 800 келі болатын жаңа піскен алхоры партиясынан Комсток сымыры анықталды. Ал жалпы салмағы 1 450 келіні құрайтын шие жемісінен азиялық жеміс шыбыны табылды, — делінген АШМ хабарламасында.
Аталған карантиндік зиянкестер ауыл шаруашылығына елеулі қауіп төндіреді. Олар таралған жағдайда жеміс дақылдарын зақымдап, еліміздің бау-бақша шаруашылықтарына айтарлықтай залал келтіруі мүмкін.
— Фитосанитариялық бақылау нәтижесінде залалданған өнімдердің барлығы қауіпті деп танылып, кері қайтарылды, — делінген хабарламада.
Құқық бұзушыларға қатысты әкімшіліктік шара қолданылып, айыппұл салынды.
Айта кетелік Петропавлда Ресейден әкелінген ағаштан қауіпті карантиндік зиянкес анықталған еді.