Қырылған итбалықтар бойынша зерттеу қорытындысы осы айда жарияланады
АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл туралы гидробиология және экология институты хабарлады.

- Қазір зерттеу жұмыстары бойынша камералдық өңдеу жүргізіліп жатыр. Ақпан айының екінші жартысында барлық құжат Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетіне тапсырылады, - делінген хабарламада.
Еске салайық, Маңғыстауда қазан-қараша айларында итбалықтар жаппай қырылып қалған еді. Каспий теңізінің әсіресе Түпқараған ауданы аумағынан 2 мыңға жуық өлексе табылды.
Өлген итбалықтардан Вирусология және экология институты мен Гидробиология және экология институтының мамандары сынама алған болатын. Экология және табиғи ресурстар министрі итбалықтардың қырылу себебін нақтылауға 3-4 ай уақыт керек екенін айтты.
Бұған дейін Каспийдегі итбалықтың жаппай қырылуының алдын ала себебі айтылған еді.
Сондай-ақ Маңғыстауда терілмей қалған итбалық өлекселерін қасқыр жеп жатқанын да жазған болатынбыз.