Маңғыстауда терілмей қалған итбалық өлекселерін қасқыр жеп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда Құлалы аралындағы итбалықтардың өлексесі әлі күнге жиналмаған. Ұшаларды аралдағы қасқырлар мен метеорология станциясындағы иттер талғажау етіп жүр.

Бұл туралы Құлалы аралына барып келген Qazaq balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжанов айтты.
Еске салайық, күзде Каспий теңізінің Түпқараған ауданы бөлігіндегі жағалаудан 2 мыңға жуық өлі итбалық табылған еді. Қолжетімді жерлердегі өлекселер жиналып, жойылған болатын. Ал, теңіз ортасындағы Құлалы аралындағы өлі итбалықтар жиналмай жатыр.

— Қаңтардың 28-30 күндері Құлалы аралындағы метеорология станциясына жұмыспен барып келдім. Арал аумағында итбалықтар бар ма, жоқ па деп қарап шықтық. Итбалықтар өлексесі әлі бар. Онымен метеорология станциясындағы иттер мен аралдағы қасқырлар қоректеніп жатыр. Алайда оларды жинау керек, — дейді Данияр Әкімжанов.
Оның айтуынша, итбалықтардың ұшасын жинауға үлкен күш, көмек керек. Біріншіден, Құлалыға баратын арнайы көлік жоқ.
Екіншіден, еріктілер мен жергілікті атқарушы органдардан басқа ешкім атсалыспайды.
— Үлкен көмек керек. Аудан әкімі ауысты, мұны енді қолға алатын шығар. Оған айтамыз. Наурыз айында күн жылынғанда волонтерлердің көмегімен жинауды жоспарлап отырмыз. Әкімдік пен балықшыларды бірлесе жұмылдырамыз. Әкімдік коммуналдық мекеменің көмегін ұсынады деп ойлаймын, — дейді спикер.

Түпқараған ауданы әкімдінінің хабарлауынша, итбалықтардың ұшасы ауа райының салқындығына байланысты жиналмаған.
— Күн жылына ауданның белсенді балықшыларының қайығымен барып жинау жоспарланып отыр. Оған қоса, әкімдік шекара қызметінен үлкен қайық сұрап қойды, — делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасы басшысынын міндетін атқарушы Қонарбай Базарбаевтың мәліметінше, былтыр аймақта 2 212 итбалық қырылған.
— Былтыр 29 наурыз бен 27 тамыз аралығында — 231 дана, 16 қазан мен 21 желтоқсан аралығында 1 981 өлі итбалық табылды. Сонда бас-аяғы 2 212 дана. Қазір жағдай бірқалыпты. Вирусология және экология институты мен гидробиология және экология институтынан сынама қорытындысын күтіп отырмыз, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, тәуелсіз сарапшы Әділбек Қозыбақов та итбалықтардың жаппай қырылуына пікір білдірді.

Айтуынша, теңіздің экологиялық жүйесі таза болса, жаппай қырылмас еді.
— Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институты итбалықтардың инфекциядан өлгенін жариялады. Айтуынша бұл — ғаламға беймәлім, бұрын-соңды кездеспеген вирус. Оны енді зерттейді. Бұл өте қорқынышты жағдай. Осы жерде тәуелсіз сарапшы ретінде сұрағым бар, иммунитет әлсірегенде ағза ауруға шалдығады ғой. Ал иммунитет неліктен әлсірейді? Әрине, ол қоршаған ортаның сапасына байланысты. Яғни, бұл жерде жүйелі түрде ешқандай мониторинг жүргізіліп жатқан жоқ деген сөз. Үлкен компаниялар өз тарапынан мониторинг жүргізіп жатқан шығар, белгілі бір учаскеде, белгілі бір уақытта. Бірақ ол жеткіліксіз. Бұл жерде кешенді мониторинг керек. Сонда ғана нақты айтуға болар еді. Сондай-ақ, мониторинг жұмысына міндетті түрде тәуелсіз сарапшыларды қосу керек. Жергілікті балықшылар қауымдастығынан өкілдер қатысса, ашық түрде жүргізілсе, қоғамда мұндай үлкен резонанс болмас еді, — дейді тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов.
Алайда, бақылау жұмыстарына тәуелсіз сарапшыларды қосу заңмен міндеттелмеген. Сондықтан мемлекеттік органдар оларды шақырғысы келмейді.
— Қазір мемлекеттік органдар өздері біледі, бізді қосқысы келмесе, Кәсіпкерлік кодекстің 154-бабына сүйенеді. Оның бірінші тармағының бесінші тармақшасында мемлекеттік орган бақылау жүргізген кезде, кеңесшілер мен сарапшыларды тек мемлекеттік органдар мен ведомствалық бағынысты мекемелерден ғана шақыра алады деп тұр. Сол жерге тәуелсіз сарапшыларды да қосу керек деп түзету енгізу қажет. Олай болмаса ашық қоғам бола алмаймыз. Қазір Қашаған, ТШО-ның мұнай кен орындары теңізге кері әсерін тигізуде. Бірақ оны ешқандай компания ашық түрде жарияламайды, — дейді тәуелсіз сарапшы.

Әділбек Қозыбақовтың сөзінше, бүгінде Каспий теңізінің суын тексерудің, сынама алудың нормативтері жоқ. Сондықтан мамандар кеңес заманындағы нормативке сүйенуге мәжбүр.
Qazaq balyk республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжановтың айтуынша, теңіз мұнай қалдықтарынан және жағалаудағы компаниялар тастаған шығыс қалдықтарынан ластанып жатыр.
Теңіздің ластанғаны тіпті көзге ұрып тұр.
— Жағалай орналасқан мекемелердің бірінің палубасынан май немесе су ағып тұрады, бүкіл қалдықтарын суға ағызып жіберу арқылы тазалайды. Соларды тексеріп, бақылауға алу керек. Қазір тек итбалық қана емес, су жануарларының барлық түрі өліп жатыр. Біз тек жағаға шыққанды көреміз ғой, теңіздің түбіне батып кеткені қаншама, судың бетінде ыдырап кеткені қаншама? Сол мекемелерге кезектен тыс тексеріс жүргізу керек, — дейді ол.

Дегенмен құзырлы органдар оның орнына балық аулап, нәпақа тауып жүрген қарапайым халықпен күреседі.
— Бәрі балықшы, браконьер деп жұмыс істеп жүрген тұрғындарды аңдиды. Одан да негізгі мәселе — теңіздің экологиясына бет бұру керек. Қазір олар қарапайым халықпен күресіп жүр. Балық аулап, нәпақасын тауып жүрген жұмыссыз азаматтарға айыппұл салады. Нақты суды ластап жатқан тараппен жұмыс істеу керек, — дейді Данияр Әкімжанов.
Осы тұста тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов мемлекеттік органдар мен жергілікті қауым арасында ынтымақтастық орнату керектігін айтады. Ол үшін браконьерден түскен өтеу құнының 30 пайызын браконьерлерді ұстауға атсалысқан жергілікті тұрғын немесе балықшыға беру керек дейді ол.
Ал, Каспий теңізінің мәселесін зерттеп, шешу үшін Каспий маңы мемлекеттерімен тығыз байланыс орнатып, Тегеран конвенциясы аясында бірлескен бағдарламалар жасап, жүзеге асыруды ұсынды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысындағы итбалықтар вирустан қырылғаны айтылған еді.
Экологтар итбалықтардың қырылуына байланысты қылмыстық іс қозғалуы керек деп санайды. — тәуелсіз эколог
Мамандардың айтуынша, қырылған итбалықтардың көбі буаз болған.