Қырылған итбалықтардың көбі буаз болған
АҚТАУ. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы гидробиология және экология институтының операторы және экологиялық ағарту жөніндегі маманы Әсел Баймұқанова Маңғыстау облысындағы итбалықтардың өлімі бойынша алдын ала нәтижелерін жариялады.
Әсел Баймұқанованың айтуынша, Түпқараған түбегінің жағалауында 27 қыркүйектен 30 қазанға дейін 305 өлі итбалық табылған. 10 ұшада (3%) механикалық зақым бар. Бұл итбалықтар торлар мен арқандарға шырмалып, бастары кесілген. Мұндай зақымдардың кейбіреулері кездейсоқ болуы мүмкін, қалғандары заңсыз аулаудың салдары.
– Өлген итбалықтардың көбінде мұндай іздер жоқ. Біздің қызметкерлер өлімнің себебін анықтауға көмектесетін зерттеулер үшін сынамалар алды. Алайда, өлекселердің қатты ыдырауы талдау жасауға мүмкіндік бермеді. Алаңдататыны, зерттелген аналықтардың жартысынан көбі буаз болып шықты. Сондай-ақ жас итбалықтар екені көрініп тұр. Сондықтан өлім кенеттен болуы мүмкін, - дейді маман.
Әсел Баймұқанованың айтуынша, итбалықтар күзде көбею үшін Солтүстік Каспийге ауысады. Олар теңіздің осы бөлігінде шоғырлану кезінде өлген.
– Өлімнің себептері әртүрлі болуы мүмкін: табиғи (жер сілкінісі, табиғи газдар шығарындылары), техногендік (теңіз учаскелерінің ластануы), аурулар (эпидемиялар), - дейді ол.
Егер эпидемия болса, итбалықтар жаппай бір жерде өлуі тиіс. Бірақ өлекселер әр жерден табылған.
– Жағдайды жан-жақты зерттеу үшін әртүрлі сала мамандары геологтардың, мұнай және газ өндіру жөніндегі мамандардың, экологтардың, химиктердің, токсикологтардың, вирусологтардың және басқалардың сараптамасы қажет. Біз бірге жұмыс істеу үшін жиналған барлық материалды беруге дайынбыз. Шығарындылар жалғасуда. Арнайы комиссия 4-5 қараша аралығында тағы 121 итбалықтың өлексесін тапты, - деп толықтырды Әсел Баймұқанова.
Бұған дейін, Экология және табиғи ресурстар министрлігі итбалықтарға қатысты алғашқы сараптаманың қорытындысын жариялағаны туралы жазған болатынбыз.