Қырым татарынан домбыра үйрендім – жапон күйшісімен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы кездері әлеуметтік желіде домбыра шерткен жапон азаматының бейнежазбасы көрерменнің қошеметіне бөленді. Қазірге дейін 1,5 миллионға жуық қаралым жинап үлгерген видеоны Токиода жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкер таспалаған. Видеоның авторы мен кейіпкері «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып сұхбат берді.

– Қазір мен жүктеген видео 1,4 млн қаралым жинады. Өзім Токиода жапон компаниясында жұмыс істеймін. Күнделікті жұмыстарыммен кетіп бара жатқанда жақын маңайдан домбыраның дауысын естідім. Сол сәтті өткізіп алмау үшін бірден телефонымның камерасын қосып, күй ойнап жатқан адамның қасына барсам, жапон жігіті орындап отыр екен. Ол жігіттің есімі Акира Такегучи. Осы жағдайдан кейін жақсылап танысып, достасып кеттік, – дейді Елдос Сүгірбай.
Ал жапондық күйші домбыра тартуды Түркияда тұратын ноғай азаматынан үйренген екен.

– Бірнеше жыл бұрын түркі елдерінің тарихына көңілім ауған еді. Сол үшін Түркияға барып оқыдым. Түріктер мен қазақтардың шығу тегі ұқсас болғандықтан, домбырамен таныстым. Сол кезде мен қырым татарының, яғни ноғай азаматының үйінде тұрдым. Ол кісі домбыра шерте алатын еді. Маған домбырада ойнауды сол кісі үйретті. Солай Түркияда жүріп домбыраны үйрендім, – дейді Акира Такегучи.
Акира бүгінге дейін күйші, домбырашы Секен Тұрысбекпен де кездесіп үлгеріпті. Бірнеше рет Қазақстанда да болған. Оған қоса, бірталай күйді орындай алады. Жапондық күйші жақында концерт беруді жоспарлап отырған көрінеді.
Айта кетейік, күні кеше Жапонияда волейболдан Азия чемпиондар лигасының ойындары басталды.