Қыркүйекте прокатқа шығатын жаңа фильм көп: осы аптадағы премьералар
АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада отандық киноқоржыны үш бірдей туындымен толықты. Жаңа фильмдердің дені драма мен тарихи жанрды қамтиды. Ал шетелдік кинолар қатарында көрермен назарына қорқынышты әрі шытырман оқиғаға толы бес фильм ұсынылды. Балалар мен жасөспірімдер де назардан тыс қалған жоқ. Олар үшін әртүрлі жанр мен бағыттағы үш жаңа туынды жарық көрді.
Kazinform тілшісінің шолуында осы аптадағы ең басты кинопремьераларды ұсынамыз.
Коллаж: Kazinform / Kinopoisk.ru
38 соңғы нүкте
Жанры: драма, апат
Ұзақтығы: 79 минут
Ел: Қазақстан, 2026 жыл
Режиссері: Төребек Бейсебаев
2023 жылы Семей орманында ел тарихындағы ірі өрттердің бірі тұтанады. Тәжірибелі орманшылар Марат, Ғани, Рауан және олардың әріптестері жалынның ортасында қалады. Өрттің артында заңсыз ағаш кесумен айналысатын қылмыстық топ тұрғанын анықтаған орманшылар адамдарды құтқаруға кіріседі. Бірақ өрт күшейген сайын әрқайсысы отбасы, ар-ождан және адамгершілік арасындағы ең ауыр таңдау алдында қалады.
Фамилия
Жанры: криминал, драма
Ұзақтығы: 94 минут
Ел: Қазақстан, 2026 жыл
Режиссері: Нұржігіт Мыңбаев
Марат сәулетші болуды армандайды. Ағасы қала әкімі болған соң, оның алдында жаңа мүмкіндіктер ашылады. Алайда ағасының ықпалы Маратты қылмыстық ортаға тартып, қауіпті іске араластырады. Енді ол өз фамилиясына емес, өз абыройына сүйеніп, бұл жағдайдан шығудың жолын табуы керек.
Жеңіс баласы
Жанры: әскери, драма, тарихи
Ұзақтығы: 80 минут
Ел: Беларусь, Қазақстан, Ресей, 2026 жыл
Режиссері: Айнұр Асқаров
18 жастағы пошташы Азамат Досанов майданға барып, ерлік көрсетуді армандайды. Азаматтың көру қабілеті нашар болғанымен, есту қабілеті өте жақсы еді. Ол әр дыбысты қалт жібермей еститін. Осы ерекшелігінің арқасында Азамат әскери іздеу жұмысына көмектеседі. 1943 жылы құпия жүк тиелген кеңестік ұшақ Белоруссияның батпақты жеріне құлайды. Ұшақты іздеуге неміс диверсанттары мен кеңестік барлау тобы аттанады. Орман мен батпақтағы іздеу жұмысы көп ұзамай қауіпті қақтығысқа ұласады. Барлаушылар жаумен бетпе-бет келіп, аман қалу үшін күреседі. Ал Азамат соғыстың қатыгез шындығымен бетпе-бет қалады.
Мұнара 2, (Вышка 2)
Жанры: драма, триллер
Ұзақтығы: 110 минут
Ел: АҚШ, Ұлыбритания, Таиланд, 2026 жыл
Режиссері: Майкл Спириг, Питер Спириг
Шайло Хантер B67 мұнарасында қаза тапқаннан кейін оның видеолары ғаламторға тарап, өзі экстремалдар арасында танымал тұлғаға айналады. Алайда әпкесі Джакс оның өлімін қабылдай алмайды. Бір күні әпкесі Шайло бағындыруды армандаған ең қауіпті орындардың тізімін тауып алады. Ол сіңлісінің арманын жалғастыру үшін Таиландтағы биіктігі 2070 метр Кван тауына аттанады. Джаксқа сіңлісінің бала күнгі досы Лиза мен жергілікті гид Джон қосылады. Олар шыңға жетуі керек. Әйтпесе Джаксты да Шайлоның тағдыры күтіп тұр.
Крипипаста: Көк СӘБИ, (Крипипаста: Синий малыш)
Жанры: ужас
Ұзақтығы: 71 минут
Ел: АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Серджо Гонсалес, Брэндон Пискорик, Кори Бенсон Пауэрс
Жастар әлеуметтік желіде тараған «Көк сәби» рәсімін қайталайды. Айна алдында қорқынышты оқиға айтып, сәби рухын шақырады. Алайда рухтың ойыны басталып, жастардың өміріне қауіп төнеді. Олар аман қалу үшін оның қарғысының сырын ашуы керек.
Қорқыныш құрсауында, (Во власти страха)
Жанры: боевик, триллер
Ұзақтығы: 96 минут
Ел: АҚШ, Испания, 2026 жыл
Режиссері: Джесси Джонсон
Бес дос демалысқа шығып, ақ акулаларды жақыннан көру үшін торға қамалып, теңіз түбіне сүңгиді. Алайда қайыққа қарулы контрабандашы келіп, суға батқан жүкті алып шығуды талап етеді. Осылайша олардың демалысы қауіпті күреске айналады.
Өліммен ойнау, (Сыграть в ящик)
Жанры: криминал, триллер
Ұзақтығы: 116 минут
Ел: Ұлыбритания, Испания, Болгария, 2026 жыл
Режиссері: Мартин Кэмпбелл
Джек 30 миллион доллар сақтандыру өтемақысын алу үшін өз өлімін қолдан ұйымдастырмақ болады. Алайда бұл іске көмектесуге келіскен әйелі Нораның өз жоспары бар. Ол Джекті шын мәнінде өлтірмек.
Жүгіруші, (Бегущая)
Жанры: боевик, драма, триллер
Ұзақтығы: 84 минут
Ел: Ұлыбританя, АҚШ, 2026 жыл
Режиссері: Кевин Макдональд
Майя — табысты адвокат. Ол мансабындағы ең маңызды сот процесіне дайындалып жүреді. Алайда таңертең саябақта жүгіріп жүргенде, оған белгісіз адам телефон шалып, кішкентай ұлының ұрланғанын хабарлайды. Баланы құтқару үшін Майя психопаттың тапсырмаларын орындап, Лондонды жүгіріп өтуі керек. Оның әр шешімі баласының тағдырына әсер етеді. Ал уақыт өтіп барады.
Миа және құбыжықтар, (Миа и монстры)
Жанры: шытырман оқиғалы комедия, мультфильм, фэнтези
Ұзақтығы: 81 минут
Ел: Германия, Австрия, Испания, 2026 жыл
Режиссері: Верена Фелс
Миа тұйық, көп адаммен тіл табыса бермейді. Ол өзі тұратын қала тұрғындарына құбыжықтардың бар екенін дәлелдегісі келеді. Бір күні Миа егеуқұйрық досы Квентинмен бірге құбыжық балалар оқитын Ротвуд академиясына түседі. Ол мұнда адам екенін жасыруға мәжбүр болады. Миа жаңа достар тауып, адамдар мен құбыжықтарды татуластырудың жолын іздейді.
Әке мен бала: Алыптар әлемінде (Дорогая, я уменьшил сына)
Жанры: шытырман оқиға, комедия, мультфильм, фантастика
Ұзақтығы: 91 минут
Ел: Қытай, 2024 жыл
Режиссері: Лю Кэсинь
Бала мен әкесі күтпеген жерден кішірейіп, басқа әлемге тап болады. Онда тіпті үй жануарларының өзі алып әрі қауіпті. Үйге оралу үшін олар талай сынақтан өтіп, кедергілерді еңсеруі керек. Осы сапарда әке мен бала бір-біріне сүйеніп, нағыз командаға айналады. Фильмде батылдық, достық және әке мен бала арасындағы байланыс баяндалады.
Заттардың құпия өмірі, (Тайная жизнь вещей)
Жанры: драма, фэнтези
Ұзақтығы: 92 минут
Ел: Канада, Жаңа Зеландия, 2026 жыл
Режиссері: Эндрю Никкол
Жас Том айналасындағы кез келген заттан күлкілі жүздерді көреді. Ол сол заттармен достасып, оларды өзіне жақын тартады. Тіпті оның үш сүйікті досы — оятқыш, қаңылтыр құты мен қағаз пакет бөлмесінде бірге тұрады. Алайда Томның ерекше достары өгей әкесінің ашуына тиеді. Ол олардан жансыз қоқыстан басқа ештеңе көрмей, бір күні үшеуін қоқыс полигонына апарып тастайды. Енді Томның басты мақсаты — ескі достарын қалай да құтқарып қалу. Осы жолда ол жаңа достар табады.
Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.