Қыс кереметі: СҚО-да қай жерде шаңғы-коньки тебуге болады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Шаңғы теуіп, конькиде сырғанау үшін қысты асыға күтетіндер бар. Солтүстік Қазақстан облысында Петропавлда ғана емес, әр ауданда хоккей корттары, шаңғыны жалға беру пункттері жұмыс істейді. 

Қыс кереметі: СҚО-да қай жерде шаңғы-коньки тебуге болады
Фото: СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Мәселен Петропавлда шаңғыны Борьки кентінде орналасқан шаңғы базасында, Қарғалы аралында және «Green Park» демалыс базасында тебуге болады. Борькиде шаңғы жалға беріледі. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ересектерге шаңғыны жалға алу бағасы 2 мың теңге, жасөспірімдерге 1,5 мың теңге, кішкентайларға мың теңге тұрады.

Ал конькиді Винокуров спорт сарайында жалға алып тебуге болады. Тұрғындар үшін мұз айдыны сенбі күні сағат 17.00 мен 18.00 аралығында және 18.30 бен 19.30 аралығында жұмыс істейді. Ал жексенбі күні бірінші сеанс 17.30-да, екіншісі 19.00-де басталады. Бұл жерде конькиді тебу ересектер үшін 1 мың теңгеге, 14 жасқа дейінгі балалар үшін 600 теңге тұрады. 

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы
Фото: СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

К.Байболов атындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде де конькиді жалға алып тебуге болады. Мұнда конькиді 1,5 сағат тебу құны ересектер үшін мың теңге, балаларға 700 теңге тұрады. 

Петропавлдағы тұрғын үй аулаларында да мұз айдындары құйылмақ. 

- Биыл аулаларда әзірге 4 мұз айдынын құю жоспарланған. Жалпы тұрғындар қалалық спорт бөліміне хабарласып, аулаларында хоккей қорабы болса, мұз айдынын жасата алады. Бірақ әдетте ПИК төрағалары мұз айдынын құйдырудан өздері бас тартып жатады.

Биыл әзірге бұл жұмыс қолға алынған жоқ, өйткені ауа температурасы мүмкіндік бермей тұр. Сондықтан конькиді қазір Винокуров спорт сарайында ғана тебуге болады, - дейді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Нина Усенко.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы
Фото: СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Маманның айтуынша, аудандарда, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде шаңғы мен конькиді жалға беру пункттері жұмыс істейді. 

- Өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға жақсы жағдай жасалған. Петропавлда мұз сарайы бар, Борьки кентінде шаңғы базасы жұмыс істейді. Облыс бойынша 271 хоккей корты болса, соның 240-ы аудандарда орналасқан, оның 19-ы жабық.

Жалпы спортпен 225 мың адам айналысса, соның 12 мыңы қысқы спорт түрлерін таңдаған. Өңірде қысқы спорт түрлерінің 10-ы бар, оның алтауы – олимпиадалық, - дейді Нина Усенко.

Бұған дейін Петропавлда мектеп төбесінің сылағы құлап, 3 бала зардап шеккенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар