Петропавлда мектеп төбесінің сылағы құлап, 3 бала зардап шекті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте сабақ уақытында сыныптың төбесінің сылағы құлады. Салдарынан үш оқушыны ауруханаға түсті.

жэадэжадлвжэ
Фото: әлеуметтік желіден

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының мәліметінше, оқиға бүгін, сағат 17.20 шамасында болған. Сынып төбесінің сылағы шамамен 2 шаршы метр аумақта құлап түскен.

Салдарынан 12 жастағы екі және 13 жастағы бір бала көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

— Осы оқиғаға қатысты комиссия құрылады. Оның құрамына төтенше жағдайлар департаментінің, білім басқармасының, құрылыс және қала құрылысын бақылау басқармаларының өкілдері, ата-аналар және басқалар кіреді, — деді білім басқармасынан.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, балаларға «миы шайқалған» деген диагноз қойылды.

— Балалар облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жарақат бөлімінде жатыр. Жағдайлары тұрақты түрде орташа. Ауыр жарақат алғандар жоқ. Бүгін дәрігерлердің бақылауында болады. Ертең тексерістен өтеді. Жағдайлары жақсарып жатса амбулаторлық ем алу үшін үйлеріне жіберіледі, — деді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Айте кетсек, үш қабатты мектеп 2020 жылы 31 тамызда пайдалануға берілген, ғимарат 900 орынға шақталған.

Бұған дейін СҚО-да апатты мектептер мен жатақхана тапшылығы мәселелері толық шешілгендігін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар