Моңғолияның Олимпиада формасы: тарих, сән және заманауи технология тоғысы
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Моңғолия ұлттық құрамасының салтанатты және күнделікті формалары алғаш рет көрсетілді, деп хабарлайды Монцамэ.
Киім үлгілерін «Гоёл кашемир» компаниясының дизайнерлері мен тігіншілері әзірлеген.
Дәстүрлі моңғол киімі — дээлді заманауи спорттық эстетикамен жай ғана үйлестірудің орнына, компания көне моңғол киімінің түпнұсқа мұрасын қайта жаңғыртып, оны әлемге танытуды мақсат еткен.

Бұл киімдер елдің ұлы тарихы мен мәдени болмысының ажырамас бөлігі болатын көне дәстүрді бейнелейді.

Дизайн Ұлы Моңғол империясы дәуіріндегі (XIII–XV ғасырлар) киім үлгілерінен шабыт алған.


Бұл кезең Моңғолия тарихындағы ең қуатты әрі ықпалды дәуір ретінде саналады.

Дәстүрлі пішін мен символиканы сақтай отырып, заманауи форма өткеннің сұлулығын бүгінгі күннің функционалдығымен ұштастырады. Жұмсақ әрі жылы моңғол кашемирінен тігілген мата нәзік жібекпен және жабайы жануарлардың мүйізінен шабыт алған дәстүрлі кестелермен безендірілген. Бұл өрнектер күш-қуаттың, төзімділіктің және рухани бірліктің нышаны.

Ғасырлар бойы Моңғолия көшпенділерін қатаң қысқы суықтан қорғап келген кашемир бұрын ақсүйектердің салтанатты және рәсімдік киімдерінде қолданылған.

Бүгінде ол Олимпиада құрамасының салтанатты формасының ғана емес, сондай-ақ жоғары технологиялы спорттық киімдердің де негізгі материалына айналды.


Оның жылу сақтағыш қасиеті мен эстетикалық талғампаздығы батыс сән индустриясында кеңінен мойындалды. Жаңа дизайнда дәстүрлі кашемир киіз үй сәулеті мен көшпенділердің тұрмыстық нақыштарынан алынған өрнектермен үйлесім тапқан.


Моңғолия ұлттық құрамасы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарына көне мұраны заманауи дизайнмен тоғыстырған ерекше киіммен шығады.
Айта кетелік Моңғолия Президенті Астанада өткен Silk Way Star байқауының жеңімпазын марапаттағаны туралы жазған едік.