Қыстың қамы: «Бурабай» ұлттық паркінде 470 тонна шөп және 135 мың бума жапырақ дайындалды

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жылдағы дәстүр бойынша жабайы жануарлар мен құстарды қыстату үшін қажетті 470 тонна шөп және 135 мың бума ағаштың жапырағы дайындалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

аңдар
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен

Жануарларға күтім жасау «Бурабай» МҰТП қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Қыс айларында  тұяқты жабайы жануарларға (марал, елік, бұғы, бұлан, қабан және т.б.) табиғи азықтың болуы жайылымдардың қарлы және мұздатылуына байланысты айтарлықтай шектелуі мүмкін. Сол себепті, ұлттық парк қызметкерлері жабайы жануарлар мен құстарды қыстату үшін жыл сайын жаз-күз айларында қажетті жем-шөп қорын әзірлейді.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі баспасөз қызметінің мәліметінше, шөп парк аумағындағы арнайы бөлінген учаскелерде шабылады.

аң
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен

- Шабылған шөп алдымен кептіріліп, кейін жіппен орама етіп тиеледі. Бұл әдіс ыңғайлы, өйткені ол шөпті тиімді сақтауға және тасымалдауға мүмкіндік береді. Жаз бойы мекеме қызметкерлері қысқа қажетті 470 тонна шөп қоры және 135 мың бума ағаштың жапырағын дайындады. Ағаштың жапырақтары олардың өмір сүруіне және денсаулығына қолайлы жағдай жасау үшін дайындалады. Жапырақтың құрамына кіретін өсімдіктер жануарларға сау ас қорыту жүйесін сақтауға және қыста олардың диетасын байытуға көмектеседі, - деді ведомстводан.

«Бурабай» ұлттық паркінің құрамына Ақылбай, Бурабай, Мирное, Темнобор, Золотобор, Бұланды, Жалайыр, Бармашын, Приозерное тәрізді он орманшылығы кіреді. Оның ішінде Ақылбай, Мирное, Приозерный орманшылықтарда жануарларға жем-шөп салуға арналған 15 жаңа астау қойылды, 28-і жөнделді. Қабандарға арналған қыстық 15 пана салынды. Құстарға 240 үйшік орнатылды.

аң
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен

Сонымен бірге, жабайы жануарлардың минералдарға, тұздарға және басқа да қоректік заттарға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін парк қызметкерлері қыс мезгілінде тұзды сортаңдар орнату бойынша жұмыстар жүргізетін болады. Жыл басынан бері минералды блоктар 15 сортаңда орналастырылды.

Айта кетейік, ҚР Президенті Іс басқармасына қарайтын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағы 129 мың гектардан астам жерді алып жатыр.

шөп
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен

 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері «Қызыл кітапқа» енген аққуды құтқарғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар