«Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері «Қызыл кітапқа» енген аққуды құтқарды

 «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері «Қызыл кітапқа» енген аққуды құтқарды
Фото: "Бурабай" МҰТП

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Бұланды орман шаруашылығының қызметкерлері Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жаралы сұңқылдақ аққуды құтқарды, деп хабарлайды Kazinform. 

Сирек кездесетін құсты Біржан сал ауданының Макинка ауылының тұрғындары Николай Русских пен Әлия Есімова көріп қалған. Олардың сөзінше, аққу қанатынан жараланған және үйдің маңындағы шалшық суда үй құстарымен бірге жүзіп жүрген. Олар бірден «Бурабай» ұлттық паркіне хабарласып айтқан.

«Балапан аққу екені көрініп тұр. Сол жақ қанатының қауырсыны түсіп қалған, ұша алмайды. Әлсіреген құс тобынан бөлініп, жылы жаққа кете алмай қалса керек», - деді орман шебері Арман Апахов.

Жаралы құс «Бурабай даму» ЖШС хайуанаттар бағына тапсырылды. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген құс осы жерде қыстап шығып, көктемге қарай жыл құстары қайтқан кезде еркіндікке жіберіледі.

Айта кетсек, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық саябағында құстардың 197 түрі бар. Олардың 14-і Қызыл кітапқа енгізілген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бурабай ұлттық паркінде қанаты қайырылып, ұша алмай қалған қырғи құтқарылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар