Қытай 2026 жылы бюджеттік шығыстарды арттырады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Қаржы министрлігі 2026 жылы бюджеттік шығыстарды арттырып, 2026–2030 жылдарға арналған халық шаруашылығы мен әлеуметтік дамудың 15-бесжылдық жоспарын іске асыруды сенімді бастауға уәде берді, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайда «бойдақтар күні» басталды
Фото: Pixabay

Қытай келесі жылы неғұрлым белсенді қаржылық саясат жүргізуді жалғастырады. Бұл туралы ҚХР Қаржы министрі Лань Фоань сенбі-жексенбі күндері өткен Бүкілқытайлық қаржы жұмысы жөніндегі кеңесте мәлімдеді. Бұл ұстаным жуырда өткен Орталық экономикалық жұмыс жөніндегі кеңесте айтылған мәлімдемелермен сәйкес келеді.

Кеңес барысында 2026 жылы мемлекеттік облигациялардың тиімділігін барынша пайдалану және трансферттік төлемдердің нәтижелілігін арттыру үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.

Шығыстар құрылымы үнемі жетілдіріліп, сондай-ақ фискалдық және қаржылық саясат арасындағы өзара үйлесім күшейтіледі.

Министрлік тұтынуды ынталандыру мақсатында тұтыну тауарларын трейд-ин бағдарламасына қаржылай қолдауды жалғастырады.

Сонымен қатар тиімді инвестицияларды кеңейтіп, жаңа сападағы өндіргіш күштерді дамыту және кадр даярлау сияқты негізгі бағыттарға қаржыландыруды арттыруды көздеп отыр.

Лань Фоань бюджеттік шаралар жаңа жұмыс орындарын ашуға, халық табысын арттыруға, сапалы білім беруді дамытуға, медициналық қызметті жақсартуға және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталатынын атап өтті.

Сондай-ақ ол қолданыстағы жасырын қарыздарға байланысты тәуекелдерді жою бойынша жұмысты күшейтіп, олардың өсуін қатаң шектеуге шақырды.

Бұдан бұрын Қытай стратегиялық мамандықтарды іске қосудың жылдам механизмін енгізгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар