Қытай АҚШ-қа дрон компоненттері мен технологияларын экспорттауға шектеу қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай 5 тамыздан бастап АҚШ-қа ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты қосарлы мақсаттағы тауарларды экспорттауға бақылауды күшейтті. Бұл туралы ҚХР Сауда министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл шара Қытайдың ұлттық қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қаруды таратпау саласын қоса алғанда, халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында қабылданған.
Хабарламада АҚШ-қа жеткізуге арналған, экспорттық бақылауға жататын қосарлы мақсаттағы тауарлар тізіміне енгізілген дрондар, олардың негізгі компоненттері мен тиісті технологиялары әрбір жағдайда жеке-жеке мұқият қаралатыны айтылған.
Қабылданған шешімге сәйкес, бұл санаттағы тауарларды экспорттауға лицензия алу рәсімін жеңілдету шаралары қолданылмайды.
Еске салайық, бұған дейін Қытай АҚШ-тың 56 компаниясына сауда бойынша шектеу енгізген еді.