Қытай «Бэйдоу» спутниктік навигация жүйесін жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың «Бэйдоу» спутниктік навигация жүйесі орбитада жаңартылып, соның нәтижесінде пайдаланушыларға көрсетілетін қызмет сапасы жақсарды. Бұл туралы Қытайдың спутниктік навигация жөніндегі басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Синьхуаға сілтеме жасап.
CSNO мәліметінше, Қытай алдағы уақытта «Бэйдоу» жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа буын навигациялық технологияларды дамытуға да басымдық береді. Соның нәтижесінде әлемнің кез келген нүктесіндегі пайдаланушыларға орналасқан орнын анықтау, навигация және уақытты синхрондау бойынша анағұрлым сенімді қызмет ұсынуға мүмкіндік береді.
«Бэйдоу» – толыққанды жұмыс істейтін, өнімділігі жоғары жаһандық спутниктік навигация жүйесі. Қазір оның орбитасында 50 жұмыс істеп тұрған спутник бар. Жүйе орналасқан орынды 10 метрге дейінгі дәлдікпен анықтап, жылдамдықты секундына 0,2 метрге дейінгі дәлдікпен өлшейді. Сондай-ақ уақытты синхрондау дәлдігі 20 наносекундқа дейін жетеді.
Сонымен қатар PPP (Precise Point Positioning) — жоғары дәлдіктегі нүктелік позициялау қызметінің арқасында «Бэйдоу» жүйесі көлденең бағытта 0,3 метрге дейін, ал тік бағытта 0,6 метрге дейін дәлдікпен орналасқан орынды анықтай алады.
CSNO мәліметінше, бұл жүйе Қытайдың экономикасы мен қоғамдық өміріне кеңінен енгізілген. Қазіргі таңда ол пайдаланушыларға жоғары дәлдіктегі позициялау, навигация және уақытты синхрондау қызметтерін тұрақты түрде ұсынып келеді.
Еске салайық, бұған дейін Қытай кәдімгі смартфон арқылы алғашқы спутниктік қоңырау жасағанын хабарлағанбыз.