Қытай электр көліктерінде жасырын есік тұтқаларын қолдануға тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай электр көліктерінде жасырын есік тұтқаларын пайдалануға ресми түрде тыйым салды. Осылайша, Қытай мұндай дизайннан бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекет атанды, деп хабарлады Lianhe Zaobao

Қытай электр көліктерінде жасырын есік тұтқаларын қолдануға тыйым салды
Фото: Lianhe Zaobao

Бұған дейін америкалық электр көлік өндірушісі Tesla кеңінен енгізген бұл шешім соңғы жылдары бірқатар өлімге әкелген оқиғалардан кейін халықаралық деңгейде реттеуші органдардың назарын аударған еді.

Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі дүйсенбі күні жаңа қауіпсіздік стандарттарын жариялады. Құжатқа сәйкес, Қытай аумағында сатылатын барлық автокөлік механикалық түрде ашылатын сыртқы есік тұтқаларымен жабдықталуы тиіс. Бұл талап электр көліктерінде қолданылатын жасырын есік тұтқаларының іс жүзінде тыйым салынуын білдіреді.

Министрліктің мәліметінше, жаңа стандарт 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал бұған дейін типтік мақұлдаудан өткен көлік үлгілері 2029 жылғы қаңтарға дейін конструкциясын жаңа талаптарға сәйкестендіруге міндетті.

Жаңа шешімге Қытай ішінде кең қоғамдық резонанс тудырған бірқатар жол-көлік оқиғасы себеп болды.

Атап айтқанда, Xiaomi компаниясының Xiaomi SU7 электр көлігімен байланысты екі өрт оқиғасы қоғам назарын аударды. Тергеу материалдарына сәйкес, көліктерде электр қуаты өшкеннен кейін есіктер ашылмай қалған, салдарынан жолаушылар өз бетімен шыға алмаған әрі сырттан көмек көрсету де мүмкін болмаған. Салдарынан адам өлімі тіркелген.

Жаңа талаптар тек Қытай нарығында сатылатын көліктерге қатысты болғанымен, елдің жаһандық автомобиль өнеркәсібіндегі ықпалы бұл шешімнің әсері басқа өңірлерге де таралуы мүмкін екенін көрсетеді.

Мәселен, АҚШ-та Tesla көліктерінің есік жүйелері қауіпсіздік органдарының тексеру нысанына айналса, Еуропада да реттеуші құрылымдар осыған ұқсас талаптарды енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Шанхайда орналасқан Automobility консалтингтік компаниясының негізін қалаушы Билл Руссо Қытайдың рөлін былай деп сипаттаған:

— Қытай әлемдегі ең ірі электр көлік нарығы болудан жаңа автокөлік технологияларын реттейтін ережелерді қалыптастыратын елге айналып келеді.

Оның айтуынша, Бейжің бұл бағытта алғаш қадам жасап, өзінің ауқымды ішкі нарығын пайдалана отырып, қытайлық әрі шетелдік автокөлік өндірушілер үшін міндетті қауіпсіздік стандарттарын бекітуге мүмкіндік алып отыр.

Бұған дейін Қытайдың Xiaopeng Motors компаниясы жаңа буындағы IRON роботын таныстырғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар