Қытай ЕО-мен сауда келіссөздері қарсаңында импортқа қатысты тергеу бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Еуропалық одақтан п-нитротолуол импорттауға қатысты демпингке қарсы тергеу бастады. Бейжіңнің бұл шешімі ЕО өкілдерімен жоспарланған сауда келіссөздеріне бірнеше күн қалғанда белгілі болды, деп хабарлайды Синьхуа.

Китай начал расследование импорта из ЕС перед торговыми переговорами
Фото: Dati Bendo - EC Audiovisual Services

Тергеуге осы саладағы қытайлық кәсіпорындардың өтініші себеп болған.

Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігінің мәліметінше, 2022–2025 жылдары Еуропалық одақтан п-нитротолуол жеткізу көлемі жоғары деңгейде сақталған, ал осы кезеңде оның бағасы шамамен 60%-ға төмендеген.

Қытай өндірушілері өнімді демпингтік бағамен импорттау жергілікті салаға зиян келтірді деп есептейді. Министрлік өтініш берушілер ұсынған дәлелдер Қытай заңнамасының және Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелерінің демпингке қарсы тергеуді бастауға қойылатын талаптарына сәйкес келетінін хабарлады.

П-нитротолуол немесе 4-нитротолуол – бояғыштар, пигменттер, пестицидтер мен фармацевтикалық препараттар өндіруде қолданылатын химиялық зат.

Енді Қытай билігі өнім жеткізіліміне қатысты мән-жайларды және оның жергілікті өндірушілерге әсерін зерттейді. Сауда министрлігі тергеу қолданыстағы заңдар мен нормативтік актілерге сәйкес жүргізілетінін, сондай-ақ барлық мүдделі тараптардың құқықтары қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Жаңа тергеу Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы сауда диалогы жанданып жатқан кезеңде басталды. Тараптар өкілдерінің келіссөздері 8–9 қазанда Бейжіңде өтеді деп жоспарланған.

Бұған дейін Қытай Еуропалық одақтан импортталатын шошқа етіне бес жыл мерзімге демпингке қарсы баж салығын енгізген болатын.