Қытай еуропалық шошқа етіне демпингке қарсы баж салығын енгізді
АСТАНА.KAZINFORM - Кедендік баж салығы бес жылға енгізіледі. Бейжің оны «демпингке қарсы баж салығы» деп атады, деп хабарлайды Euronews.
Жаңа шаралар сәрсенбіден бастап күшіне енеді. Еуропалық шошқа етіне баж салығы 4,9%-дан 19,8%-ға дейін көтеріледі және жануарлардан алынатын қосымша өнімдерге де әсер етеді.
Сарапшылар пікірінше, бұл қадам Бейжің мен Брюссель арасындағы сауда қатынасы шиеленісінің артуының соңғы белгісі.
- Қытай билігі 2024 жылдың маусымында демпингке қарсы тергеу бастады және «Еуропалық Одақтан импортталған шошқа еті мен шошқа еті өнімдері демпингтік сараптамадан өтті және отандық өнеркәсіпке айтарлықтай зиян келтірілді» деген қорытындыға келді, - делінген Қытай Сауда министрлігінің мәлімдемесінде.
Бәрінен бұрын Испания, Нидерланд және Дания зардап шегеді. ЕО-ның Қытаймен сауда тапшылығы 2024 жылы 300 миллиард еуродан асты.
Бейжің сонымен қатар осы жазда Францияда өндірілген еуропалық коньякқа демпингке қарсы баж салығын енгізді. ЕО-дан сүт өнімдерінің импорты да демпингке қарсы тексеруден өтті.
Сауда департаменті жаңа тариф жаңа піскен, салқындатылған, мұздатылған, кептірілген, маринадталған, ысталған немесе тұздалған шошқа етінің барлық түріне қолданылады деп мәлімдеді.
ЕО-дан Қытайға шошқа етінің экспорты 2020 жылы Бейжің шошқа тұмауын жойғаннан кейін ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін қайта басталған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Франция президенті егер Бейжің Еуропамен арадағы үлкен сауда тапшылығын қысқарту бойынша қадам жасамаса, Еуропалық Одақ «жақын арада» Қытай өнімдеріне баж салығын енгізуі мүмкін екенін ескерткен болатын.