Қытай теңіз арқылы кезекті «Цзелун-3» зымыран-тасығышын ұшырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай жексенбі күні теңізден «Цзелун-3» /Smart Dragon-3/ зымыран-тасығышының көмегімен CentiSpace-02 спутниктер тобын ғарышқа сәтті жіберді, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытай теңізден «Цзелун-3» зымыран-тасығышын спутниктер тобымен ұшырды
Фото: Синьхуа

Ұшырылым Тайюань спутник ұшыру орталығы арқылы Шығыс Қытайдағы Шаньдун провинциясының Хайян қаласы маңындағы теңіз акваториясындағы платформадан Бейжің уақыты бойынша 23:49-да жүзеге асырылды.

Барлық спутниктер жоспарланған орбитаға сәтті жеткізілді.

Еске салсақ, осыған дейін ақпан айында Қытай теңізден «Цзелун-3» /Smart Dragon-3, SD-3/ зымыран-тасығышын сәтті ұшырып, жеті спутникті, соның ішінде Пәкістанның PRSC-EO2 спутнигін орбитаға шығарғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар, қаңтарда Қытайдың Ханчжоу қаласында қайтарылатын және қайта пайдаланылатын зымырандар шығаратын алғашқы өндірістік базаның құрылысы басталды. Жоба іске қосылғаннан кейін жылына 25 зымыран өндіреді деп жоспарланған.