Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға жеткізілетін жүктің 80%-ы Қазақстаннан өтеді - сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий саясат орталығының директоры Афган Нифтиевтің айтуынша, Еуропа елдері Қазақстан арқылы транзит көлемін арттыруға мүдделі. Бұл туралы ол «Astana Think Tank» халықаралық форумында мәлім етті.

Грузоперевозки товарооборот Жүк тасымалдау тауар айналымы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Өйткені Еуропа біздің минералды ресурстарға мұқтаж. Қазір құрлық арасында бидайдан бастап, сирек кездесетін металдарға дейін тасымалданып жатыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд долларға жетті. Алыс-берісті одан әрі арттыру үшін жаңа терминалдарды көбейту керек. Бұл жүк жеткізу мерзімін қысқартып, жаңа нарықтарға жол ашады», - дейді сарапшы.

Оның пікірінше, қазір Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға жеткізілетін жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Алда бірнеше терминал салынбақшы. Бұл Қазақстанның логистикалық әлеуетін арттырып, транзиттік хабқа айналуына мүмкіндік береді.

Жалпы, форумға алыс-жақын шетелдерден 45-тен астам сарапшы қатысты. Екі күнге жалғасатын іс-шарада халықаралық аналитикалық орталықтар бірқатар меморандумға қол қоймақ. Мәселен, бүгін Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институты мен Иранның бас сарапшы орталығы келісім жасады. Мақсат - сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту мәселелерін зерделеу, қандай жобаларды бірлесіп іске асыру тиімді болатынын бағамдау.

Соңғы жаңалықтар