Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қытай неке агенттіктеріне бақылауды күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі неке қызметтері нарығындағы алаяқтық пен заңсыз әрекеттерге қарсы ауқымды мемлекеттік науқанды бастады. Ол 2027 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі «Жэньминь Жибао» басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Қытай неке агенттіктеріне бақылауды күшейтті
Фото: Pixabay.com

Қытайдағы неке қызметтері нарығының қарқынды дамуы неке санының артуына ықпал етіп отырғанымен, бұл саланың кеңеюі қоғамда үлкен пікірталас тудырған бірқатар заң бұзушылықтардың көбеюіне себеп болған.

Қытай Азаматтық істер министрлігінің бастамасымен бес мемлекеттік ведомство бірлесіп жүзеге асыратын бұл шара бес кезеңнен тұрады. Бағдарлама аясында компанияларға аудит жүргізу, жергілікті тексерулер ұйымдастыру, заң бұзушыларға қатаң санкциялар қолдану, сондай-ақ науқан қорытындысын шығарып, нәтижелерін бағалау жоспарланған.

Мемлекеттік науқан неке қызметтері нарығындағы жеті негізгі мәселені шешуге бағытталған. Олардың қатарында заңсыз қызмет көрсету, жалған жарнама, жалған күйеу немесе қалыңдық арқылы жасалатын алаяқтық, келісімшарт талаптарын бұзу, баға белгілеудегі ашықтықтың болмауы, клиенттер туралы мәліметтерді жеткіліксіз тексеру және жеке деректердің таралуы бар.

Саланы одан әрі дамыту үшін стандартты келісімшарт үлгілерін енгізу, клиенттердің сауалнамаларын міндетті түрде тексеру, нарықтың өзін-өзі реттеу тетіктерін жетілдіру және бұл салаға деген сенімді арттыру шаралары қарастырылып отыр.

Қытай билігінің мәлімдеуінше, неке қызметтері саласына бақылауды күшейту — отбасын құруға қолайлы жағдай қалыптастыруға, бала туу көрсеткішін ынталандыруға және елдің демографиялық дамуын қолдауға бағытталған кешенді мемлекеттік стратегияның бір бөлігі.

Бұған дейін Қытайда неке рәсімдерін жеңілдету және оны романтикалық сипатта көрсету шараларынан кейін неке санының айтарлықтай өскені хабарланған болатын.