Қытайда неке рәсімдері жаңарып, үйленушілер саны артты

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Қытайда 6,76 млн неке тіркеліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 657 мыңға артты. Сарапшылар мұны некені тіркеу рәсімінің жеңілдетілуімен және жас жұбайларға арналған қызметтердің кеңеюімен байланыстырады, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.

неке
Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

Негізгі өзгерістердің бірі – некені енді тіркелген мекенжайы бойынша емес, елдің кез келген өңірінде рәсімдеуге мүмкіндік берілуі. Бұл әсіресе туған жерінен алыс жерде жұмыс істейтіндер үшін жақсы жаңалық болды.

Мәселен, Шаньси провинциясынан келген жұп Бейжіңнің Сичэн ауданында некесін бес минутқа жетпейтін уақытта тіркеген. Бұрын олар мұндай рәсім үшін демалыс алып, туған өңіріне баруға мәжбүр болатын еді.

Өткен жылдың мамыр айында жаңа ережелер күшіне енгеннен бері Сичэн ауданында 27 мыңға жуық неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,7%-ға көп. Оның ішінде 8 300-ден астамы – өңіраралық неке. Яғни шамамен әрбір үшінші жұп Бейжің тұрғыны емес.

Қытай билігі неке қию рәсімін романтикалық сипатта дамытуға да басымдық беріп отыр. Ел бойынша саябақтарда 525 арнайы алаң және куәлік беретін 1 330 көше пункті ашылған.

Қытайлықтар ерекше жақсы көретін 20 мамыр күні Сичэн орталығы 600-ден астам өтінім қабылдаған. Себебі қытай тілінде «5-2-0» сандарының дыбысталуы «мен сені сүйемін» деген тіркеске ұқсайды. Осы күні орталық маңындағы 60 дүкен жас жұбайларға жеңілдіктер мен романтикалық қызықтар ұсынған.

Сонымен қатар елде жас отбасыларды қолдау жүйесі де дамып келеді. Чунцин қаласында неке тіркеген жұптар «жас жұбайлардың алғашқы сабағына» қатысып, отбасылық қаржы мәселелері бойынша дәріс алады.

Реформалардың тағы бір бағыты – ысырапшыл той дәстүрлерімен күрес. Цзянсу, Хэнань, Аньхой және басқа да өңірлерде билік қалыңмалдың шамадан тыс қымбаттауына және даңғаза тойларға қарсы шаралар қабылдап жатыр.

Чжэцзян провинциясындағы Дацянь кентінің басшысы Се Сяоцзюньнің айтуынша, бір тойдың шығыны 20–30 мың юаньға (шамамен 2 900–4 400 доллар) азайған. Ал жалпы үйлену шығындары шамамен 30%-ға қысқарған.

Қазіргі таңда Қытай бойынша той дәстүрлерін реформалауға арналған 2 080 пилоттық алаң және үйлену мәдениетін насихаттайтын 2 045 арнайы алаң белгіленген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанға Қытайдан қоныс аударушылар саны үш есеге көбейгенін жаздық.

Сондай-ақ қытайлардың қартайып бара жатқаны туралы да жаздық. Бұл елде алдағы 10 жылда 60-тан асқандар саны 400 млн-нан асады.