Қытай стейблкоиндардың зерттеуін қаржыландырады

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Ұлттық жаратылыстану ғылымдары қоры стейблкоиндар мен олардың трансшекаралық бақылау жүйелеріне арналған ғылыми жобалардың конкурстық іріктеуінің басталғанын жариялады, деп хабарлайды South China Morning Post.

Китай профинансирует исследования стейблкоинов
Фото: China Daily

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, жобалар жаһандық стейблкойндармен байланысты тәуекелдерді зерттеуге және цифрлық қаржыларды халықаралық деңгейде реттеу ісін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталуы тиіс.

Валюта тұрақтылығы мен тиімді мониторинг жүйелерін құру мәселелеріне ерекше назар аударылады, өйткені жеке цифрлық активтердің жасырын айналымы ұлттық қаржы жүйелеріне қысым көрсетуі мүмкін.

Ресми хабарламада Қытайдың екі жақты сынаққа тап болғаны атап өтілген. Бір жағынан жеке стейблкоиндердің айналымы валюталық бақылаудың тиімділігіне нұқсан келтіруі мүмкін, екінші жағынан долларлық стейблкоиндердің өсіп келе жатқан жаһандық экспансиясы юаньның интернационалдандырылуы үшін қиындықтар тудырады.

Қор жобаларды жүзеге асыру үшін 200 мыңнан 300 мың юаньға дейін (28-42 мың АҚШ доллар) гранттар бөледі. Өтінім беру мерзімі 9 қазан, ал бекітілген зерттеулер он-он екі ай ішінде аяқталады деп күтіліп отыр.

Қытай халықаралық реттеу тәжірибесін мұқият қадағалай отырып, өзінің ұлттық цифрлық валютасы – e-CNY-ді тұрақты түрде ілгерілетіп отыр. АҚШ пен Гонконгтағы соңғы бастамалардың аясында Қытайдағы ғалымдар мен инвесторлар есептеулер, жеткізу тізбегін қаржыландыру және цифрлық активтерде инновацияларды ынталандыруға көмектесетін юаньмен қамтамасыз етілген стейблкоиндер шығару мүмкіндігін талқылап жатыр.

Бұған дейін Қытай алғашқы юаньға байланған стейблкоинды іске қосуды қарастырып отырғанын жазған болатынбыз.