Қытай тәжірибесі Қазақстанға қала мен ауыл мектептері арасындағы цифрлық теңсіздікті еңсеруге көмектеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Тамыз айынан бастап 500 мектепте жасанды интеллектіні пилоттық түрде енгізу басталады. Бұл туралы Қазақстан Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында мәлімдеді. 

Қытай тәжірибесі Қазақстанға қала мен ауыл мектептері арасындағы цифрлық теңсіздікті еңсеруге көмектеседі
Фото: Дияр Бексұлтанов

Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы дәстүрлі түрде технология саласындағы білім беру бағдарламаларына айрықша көңіл бөледі. Президенттің ірі бастамаларының бірі — жоғары білім беру жүйесіне ЖИ құралдарын үйрету бағдарламаларын енгізу. Бұл бағдарлама екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді және ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын шамамен 600 мың студент меңгерді.

— Бұдан бөлек, Президент жеке ЖИ университеті құрылатынын жариялады. Қыркүйек айынан бастап ол жасанды интеллект саласына мамандар даярлайтын толыққанды бағдарламамен жұмысын бастайды, — деді Қуанышбек Есекеев.

Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Спикердің пікірінше, мұндағы ең басты кедергі — ауыл мен қала мектептері арасындағы цифрлық алшақтық.

Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан Қытай тәжірибесін пайдалануды жоспарлап отыр. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фу Қытайдың бірқатар өңірінде қолданылып жатқан әдістемелерді таныстырды. Қазақстан осы тәжірибелерді бейімдеп, кең ауқымда енгізуді көздеп отыр.

1 шілдеге дейін мектептерге жасанды интеллектіні енгізудің екі жылға арналған, 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу жоспарланған. Алғашқы пилоттық жоба 1 тамызда басталады: 500 мектеп білім беру процесіне жасанды интеллект жүйелерін белсенді түрде енгізе бастайды. Бұл үшін ақпараттық жүйе ғана емес, сыныптарды технологиялық жабдықтау да маңызды.

— Әдістеменің негізгі мақсаты — мұғалімді алмастыру емес, оның жұмысын толықтырып, білім беру сапасын арттыру. Бағдарлама әрбір оқушыға жетуі қажет. Осы мақсатта тек оқу процесіне арналған планшеттер немесе арнайы гаджеттер секілді жеке құрылғыларды пайдалану ұсынылады, — деп атап өтті Президент көмекшісі.

Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия президенттері Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.