Қытай ЖИ-дің негізгі саласын дамытуда болжамнан бес жылға озып кетті
АСТАНА.KAZINFORM - Қытайда негізгі жасанды интеллект секторының көлемі 1 триллион юаньнан (142 миллиард доллар) асты, деп хабарлайды Синхуа.
Конференцияда Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі 2026 жылғы күн тәртібінің бөлігі ретінде жаңадан пайда болып жатқан және болашақ салаларды дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді қолдауға баса назар аударатыны аталып өтті.
Билік интегралдық микросхемаларды өндіру, озық дисплей технологиялары, жаңа материалдарды әзірлеу, аэроғарыш, төмен биіктіктегі экономика және биомедицина сияқты жаңа негізгі салалардың дамуын жеделдетуді көздеп отыр.
Қытай ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясының мәліметі бойынша, бұл көрсеткіш 2024 жылдың соңына дейін 900 миллиард юаньнан (126 миллиард доллар) асқан.
Салыстыру үшін, 2018 жылдың желтоқсанында Xinhuanet Bloomberg Intelligence-ке сілтеме жасай отырып, Қытайдың 2030 жылға қарай негізгі жасанды интеллект салаларының көлеміне шамамен 145 миллиард долларға жететіні туралы болжам жариялады.
Біз бұған дейін Қытайдың төтенше жағдайларға жауап беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізгенін және оны энергетика саласына біріктіруді мақсат етіп отырғанын, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын дамытуға прагматикалық тәсіл қолданып жатқанын хабарлаған едік.