Қытай ЖИ-мен жабдықталған ұзақ қашықтыққа ұшатын аппарат шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың жасанды интеллектімен жабдықталған жаңа Rainbow-9 (Цайхун-9) соңғы ұшқышсыз басқарылатын аппараты 10 мың шақырымнан астам қашықтықты бағындыра алады, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

South China Morning Post (SCMP) газетінің мәліметінше, мемлекеттік CCTV телеарнасы Шэньси провинциясындағы аэродромда ұшу сынақтары кезінде Rainbow 9 түсірілімін көрсетті. Аппарат 20 сағаттан астам уақыт ұшты.
Әскери сарапшы Сун Чжунпин басылымға Rainbow 9 аппаратына ЖИ жүйелерін орнату оның әскери тиімділігін айтарлықтай арттыратынын хабарлады.
Оның атап өтуінше, Rainbow-9 бір уақытта бірнеше ұшқышсыз аппаратты басқара алады. Бұдан бөлек, құрылғы басқарылатын жауынгерлік ұшақтармен бірге жұмыс істеуге қабілетті.
- Rainbow-9 сияқты ұшқышсыз ұшатын аппараттардың басқарылатын жойғыштармен қатар жұмыс істеуі қалыпты жағдай, - деп қосып өтті сарапшы.
Аппарат 0,5-тен 0,75 Мах-қа дейінгі жылдамдықпен ұша отырып әуеде 40 сағатқа дейін бола алады. Бұл оған 10 мың шақырымнан астам қашықтықты еңсеруге мүмкіндік береді. SCMP атап өткендей, Қытай аэроғарыштық ғылыми-техникалық корпорациясы (CASC) әзірлеген Rainbow-9 «топтамадағы ең озық ұшқышсыз басқарылатын аппарат». Оның қанатының ұзындығы 24,8 метр, бұл 10 мың метрден жоғары биіктікте ұзақ мерзімді миссиялар өткізу үшін жеткілікті көтергіш күшін қамтамасыз етеді.
Үкіметте Қазақстан мен Қытайдың көлік байланыстарын дамыту жобасы талқыланды.